Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Әйелім сүт сатуға кеткен»: Аягөзде 4 ұлынан айырылған әке не болғанын айтты

Абай облысының Аягөз қаласында 4 баласынан айырылған әке мемлекеттен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлуді сұрайды. Sputnik Қазақстан тілшісі өрт кезінде қаза болған балалардың әкесі Бауыржан Жұмағазымен тілдесті.

«Әйелім сүт сатуға кеткен»: Аягөзде 4 ұлынан айырылған әке не болғанын айтты
Фото: Sputnik

Халықтың қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиға 25 қазанда болды. Дәл мереке күні Арнұр, Нұрасыл, Батыр, Рамазан есімді бір үйдің төрт ұлы кенеттен көз жұмды.

«Әйелім сүт сатуға кеткен. 4-5 литр сүт сатады, литрі 500 теңгеден. Өзімнің айлығым – 100 мың теңге. Бір шетінен шығайын, тиындап болсын ақша табайын деген ниеті ғой. Балаларыма мемлекеттен айына 55 мың теңге әлеуметтік көмек алып келдік», - дейді Бауыржан Жұмағазы.

Бұл отбасының 2 сиыры бар. Балалардың анасы Арай артылған сүтті сатып, тиынға тиын құраған.

Дәл 25 қазанда күн жылы болып, үйге пеш жағылмаған. Күлін алып, от жағуға дайындап қойған.

«Келіншегім сіріңкені балалардан таса жерге ылғи тығып қояды. Сол күні ғана пешке от жақпағанбыз. Ешкім жоқта балалар сіріңкені тауып алып жағып ойнаған ғой. Бұндай сұмдықтың боларын сезбеппін. Ең болмаса түс көрсемші. Жұмыссыз қалсам да балаларымның қасынан аттап шықпаушы едім», - дейді қайғыдан қан жұтқан әке.

Ол «Қазығұл» ауруханасында көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Балалардың анасы үй шаруасында. Отбасы әке-шешесінің үйінде тұрған. Баспананың көлемі – 70-80 шаршы метр. Төрт баланың екеуі мектепте 1-2 сыныптарда оқыған.

Ал мұғалімдері оқушылардың күтімі жақсы болды дейді.

«Ішіміз алай-дүлей, есімізді жия алар емеспіз. Біз үшін өте ауыр соққы болды. Сол күні мереке емес, сабақ болса оқушыларымыз аман болар ма еді деп те ойлаймыз. Екі оқушымыз да мұнтаздай, сабағы, тәртібі жақсы болатын. Сабақтан қалмайтын. Ата-аналары да жауапкершілігі мол адамдар», - дейді оқушылардың сынып жетекшілері.

Ал полиция тергеу жүріп жатқанын айтады.

«25 қазанда Аягөз қаласында жас балалардың көміртегі тотығынан қайтыс болуына байланысты жазатайым оқиға фактісі бойынша Абай облысы ПД Аягөз аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бірқатар сараптама жасалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - дейді Абай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі күні полиция үй маңын торуылдап, бөтен ешкімді жолатпай жүр дейді көршілер.