Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Ұлттық қор – балаларға»: вице-министр алғашқы ақша шотқа қашан түсетінін айтты

"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында 18 жасқа толмаған балалардың арнайы шотына алғашқы ақша 2024 жылы 1 ақпанда түседі. Бұл туралы қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап. 

«Ұлттық қор – балаларға»: вице-министр алғашқы ақша шотқа қашан түсетінін айтты
фото: Unsplash/Лео Ривас

Ол "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы келесі жылы 1 қаңтарда іске қосылатынын атап өтті. Ал бір айдан кейін кәмелетке толмаған балалардың шотына ақша түсе бастайды.

"Алғашқы төлемдер 2024 жылы 1 ақпанда түседі. Неге бұлай? Бір балаға қанша сома аударылатынын анықтау үшін есептеулер жүргізуге бір ай уақыт кетеді. Бұл қарапайым арифметика: 18 жыл ішіндегі инвестициялық табыстың 50%-і 18 жасқа дейінгі балалардың санына бөлінеді. Осылайша бір балаға берілетін сома анықталады. Бұл ақша келесі жылдың 1 ақпанында аударылады", - деді Темірбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

 

Сондай-ақ вице-министр ата-аналар балаларының шотына ақша түсіп-түспегенін қалай тексере алатынын айтты.

"БЖЗҚ сайты арқылы бақылауға болады. ЖСН енгізіп, балаға қаражат аударылды ма, жоқ па, тексере алады. Ал бірнеше жыл ішіндегі соманы білу үшін Egov-тағы жеке кабинетке кіру керек. Интеграция бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, жыл соңына дейін аяқталады", - деп сендірді Темірбеков.

Айта кетері, қазақстандық балалар 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы ақшаны екі мақсатқа ғана жұмсай алады: баспана сатып алуға немесе оқу ақысын төлеуге. Бұл ретте балаларға ақшаны шетелде білім алу үшін пайдалануға рұқсат етіледі.