Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Рамазан Стамғазиев, Димаш Құдайберген мен Айгүл Үлкенбаеваға «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді

Қазақстанның мұнай-газ, әлеуметтік-гуманитарлық және өндірістік қызметте еңбегі сіңген бірқатар азаматқа ҚР Президентінің Жарлығымен мемлекеттік наградалар берілді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі

Рамазан Стамғазиев, Димаш Құдайберген мен Айгүл Үлкенбаеваға «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді
Фото: aikyn.kz

Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» Жарлығымен:

Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласын дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық-саяси қызметтегі аса үздік еңбегі үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз мемлекет және қоғам қайраткері Ізмұхамбетов Бақтықожа Салахатдинұлына тапсырылсын;

Қазақстан Республикасының әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені Семей қаласы, «№7 жалпы білім беретін орта мектеп-лицей» КММ мұғалімі Шүкежанова Алма Сайдахметқызына тапсырылсын;

Өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені Қызылорда облысы, «Таң ЛТД» ЖШС директоры Шағыртаев Имамзада Қуанышбайұлына тапсырылсын.

Республика күні қарсаңында Президент Жарлығымен бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласын дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық-саяси қызметтегі аса үздік еңбегі үшін мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Б.Ізмұхамбетовке, еліміздің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін Семей қаласы «№ 7 жалпы білім беретін орта мектеп-лицейінің мұғалімі А.Шүкежановаға және өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін Қызылорда облысы «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры И.Шағыртаевқа берілді.

«Отан» орденімен суретші А.Ақанаев, белгілі ақын, айтыс өнерінің дамуына ерекше еңбек сіңген қайраткер Ж.Ерманов марапатталды.

І дәрежелі «Барыс» ордені еңбек ардагерлері М.Айымбетова мен С.Тиесовке, Қонаев қаласы А.Жұбанов атындағы №5 орта мектеп мұғалімі Н.Лиге, телевизия ардагері Л.Сейітовке, ІІ дәрежелі «Барыс» ордені қоғам және мемлекет қайраткері Ә.Бектаевқа, «KAZGOR» жобалау академиясының бірінші вице-президенті Т.Ералиевке, еңбек ардагері О.Рахманбердиевке, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Абай облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Айнабековке, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің кафедра меңгерушісі С.Аяғановқа, еркін күрестен еңбек сіңірген спорт шебері И.Байрамуковке, «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының төрағасы Б.Жәмішевке, қоғам қайраткері Ә.Жолшыбековке және еңбек ардагері С.Қырымқұловқа табысталды.

Сонымен қатар белгілі ғалымдарға, мәдениет және білім қайраткерлеріне, өндірістік сала өкілдеріне «Парасат» ордені берілді:

Олардың қатарында Талдықорған қаласы «Қайнар-АКБ» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Қ.Әжмағанбетов, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының вице-президенті Ғ.Әнес, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессоры Б.Жолдин, Нысана көздеуден ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы О.Довгун, Теміртау қаласының Көпбейінді ана мен бала орталығының директоры С.Лохвицкий, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі М.Ғабдісәлімова және Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық қазақ театрының актері Ұ.Нүсіпәлі секілді азаматтар бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылдан бастап ұлт бірлігін нығайту және қоғамдық татулықты қамтамасыз ету жолындағы жемісті еңбегі үшін «Ел бірлігі» ордені тағайындалды:

«Ел бірлігі» ордені алғаш рет Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры А.Башмаковқа, Республикалық дүнген этномәдени орталығы бақылау кеңесінің төрағасы Л.Буларовқа, Республикалық тәжік этномәдени орталығының төрағасы А.Исмаиловқа, Қазақстан корейлері қауымдастығы қамқоршылық кеңесінің мүшесі Р.Кимге, «Deutsche Allgemeine Zeitung» республикалық неміс газетінің бас редакторы О.Клименкоға, «Қазақстан шешендері мен ингуштарының «Вайнах» қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің тең төрағасы А.Мұрадовқа, «Дустлик» Қазақстан Республикасы өзбек этномәдени қоғамдық бірлестіктерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі төрағасының орынбасары Т.Нишанбаевқа табысталды.

Биылдан бастап құрметті марапаттар қатарына «Қазақстанның халық жазушысы» және «Қазақстанның халық әртісі» атақтары қосылды:

Т.Әбдікұлы, С.Елубаев, Б.Нұржекеев, С.Сматаев, А.Аширов және Л.Шашкова «Қазақстанның халық жазушысы» атағын иеленді. «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері, театр және кино актерлері Д.Ахимовқа, М.Токарев пен Д.Ақмолдаға, опера әншілері Ш.Әбілов пен Т.Күзенбаевқа, атақты әншілер Р.Стамғазиевке, Д.Құдайбергенге және күйші А.Үлкенбаеваға берілді.

Сондай-ақ «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» КеАҚ дәрігері С.Андосова, «М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» КеАҚ профессоры А.Плешаков, «Шыңға өрлеу» ҚҚ директоры Р.Сыпабекова, «Маңғыстау облыстық мүгедектік спорт клубы» КММ аға бапкері Н.Құлышов және басқа да азаматтар «Құрмет» орденімен марапатталды.

Өнеркәсіп, транспорт, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да материалдық өндіріс салаларының 94 жұмысшысы мен еңбеккері ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін иеленді.

ІІ дәрежелі «Достық» ордені «Алға, Петербург» интернет жобасының авторы Иван Червинскийге берілді.

Ал футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары Асхат Тағыберген, Бахтиёр Зайнутдинов және Максим Самородов «Ерен еңбегі үшін» медаліне лайық деп танылды.

«Ерлігі үшін» медалімен Мұрат Есенқабылов пен Талғатбек Төлеубаев наградталды. Мұрат Есенқабылов өртеніп жатқан көлік ішінен 3 әйел мен 5 баланы аман алып қалса, Талғатбек Төлеубаев тілсіз жауды ауыздықтауда үлкен ерлік көрсеткен.

Пара жеңіл атлетика спортшысы, бірнеше республикалық сайыстардың жеңімпазы Айсұлу Сүлейменоваға «Шапағат» медалі табысталды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениет салаларының 31 көрнекті өкіліне және «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы Ақмола облысы «№4 «Болашақ» облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының мұғалімі Ү.Еңсебаеваға берілді. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен 143 адам наградталды.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажыр-қайраты үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдері І және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Жалпы биылғы мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым азаматтарға басымдық берілді

Атап айтқанда, марапатталғандар арасында 298 ұстаз бен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, 259 ауыл шаруашылығы маманы, 119 еңбек ардагері, өндіріс саласының 88 жұмысшысы бар.

Бұл – қарапайым еңбеккерлердің мәртебесін асыруға, қоғамдағы қадірін арттыруға бағытталған нақты қадам.

Наградталғандардың тізімі баспасөзде жарияланады.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2023 жылғы мемлекеттік сыйлығы «Қазақстан Республикасының атом-энергетика саласын құруға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын іске асыруға арналған әлемдік деңгейдегі зерттеулер мен әзірлемелер» тақырыбы бойынша жұмысы үшін:

«Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры Эрлан Ғаділетұлы Батырбековке;

«Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы» ШЖҚ РМК «Атом энергиясы институты» филиалы директорының бірінші орныбасары Виктор Владимирович Баклановқа;

«Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы» ШЖҚ РМК бас директорының орынбасары Владимир Анатольевич Витюкке;

«Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы» ШЖҚ РМК бас инженерінің орынбасары Денис Борисович Зарваға;

«Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы» ШЖҚ РМК «Атом энергиясы институты» филиалы директорының материалтану зерттеулері жөніндегі орынбасары Ерболат Тайтөлеуұлы Қоянбаевқа;

«Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы» ШЖҚ РМК бас ғылыми қызметкері Мәжін Қанапияұлы Сқақовқа;

«Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы» ШЖҚ РМК «Атом энергиясы институты» филиалының бас ғылыми қызметкері Ирина Лашкаровна Тәжібаеваға;

«Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы» ШЖҚ РМК «Атом энергиясы институты» филиалының термоядролық зерттеулер бөлімінің басшысы Бауыржан Жамбылұлы Шектібаевқа берілді.