Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Жыл сайын 400 әйел қайтыс болады: зорлық-зомбылықты декриминизациялау нәтиже бермеді

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны криминализациялау туралы айтылып келе жатқанына көп болды, деп хабарлайды Paryz.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап. 

Жыл сайын 400 әйел қайтыс болады: зорлық-зомбылықты декриминизациялау нәтиже бермеді
Коллаж: Halyq Uni

«Қорғау Астана» қорының жетекшісі Анна Рыльдің пікірінше, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте Орталық Азия елдері бірдей келеді. 

Алдымен декриминализацияладық. Бұл тәжірибе нәтиже бермеді. Енді тұрмыстық зорлық зомбылықты криминализациялауды көтеріп жатырмыз. Біреулер үшін бұл тәжірибе, ал оның артында агрессордан зәбір көрген адамның өмірі тұр. Мамандардың бәрі бір ауыздан агрессорды жауапкершілікке тарту керек деген пікір айтады. Жаза немесе жазға тартылу қорқынышы болмаса, зорлық-зомбылық тыйылмайды. Алайда осы ретте біз әйелге арыз жазу немесе жазбау құқығын беруіміз керек. Егер ондай жағдай болып, полиция оқиға орнына барса, шара қабылдауы қажет. Әйелдердің әлеуметтік қызметке келіп шағымданып, ойланып жүргенін айтатын кездері болады. Мұндай жағдайда ойлануға уақыт берілуі керек, - деді ол. 

Оның пікірінше, бүгінде мемлекет жәбірленушілерге түрлі психологиялық-консультациялық көмек көрсетеді. Алайда оларды жәбірлеген ер азаматтармен жұмыс тиісті жұмыс жүргізілмей келеді деп есептейді. 

Бұл салада 20 жылға жуық жұмыс істеп келемін. Зәбір көрген әйелдермен жұмыс істеп, агрессорды бетімен жіберуге болмайды. Олармен жұмыс істеу керек. Агрессор өз ашу-ызасын баса алмайды, әдеттерінен арылуға талпынбайды,  қол көтеруге құқым бар деп ойлайды. Мұндай адаммен жұмыс істемесе болмайды. Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істеу оңай емес. Ондай әйелдермен жұмыс істеу қиын, себебі олар айналасындағы адамдардан көмек талап етеді. Сондықтан оларды қалыпқа келтіруге көп уақыт кетеді. Олар кейбір қарапайым нәрселерді агрессивті қабылдауы мүмкін. Агрессорлар да осындай жағдайда болады, - деді Анна Рыль. 

Сондықтан, ол агрессорларға көмекке зәру адам деп қарау керек деген пікірде. 

Медициналық фактор есепке алынбайды. Бізге келген әйелдердің ментальды ауытқуы, кейбіреуінде тәуелділігі болады. Денсаулығы туралы айтпаса да, түсінікті. Еркектерде де дәл солай, уақытылы медициналық көмек көрсетілмегендіктен, соңы зорлық-зомбылық пен ажырасуға әкеледі. Тепе-теңдік жоқ, бір тарап, яғни әйелге көмек көрсетілгенімен, екінші тарап – агрессорлармен жұмыс істелмейді. Оларға да көмекке мұқтаж адам ретінде қарауымыз керек. Өйткені ең үлкен қатыгездікті бала күнінде зорлық-зомбылық көрген адам жасайды. Егер көмек көрсетілсе, бәлкім жағдай өзгеретін шығар, - деді сарапшы. 

Анна Рыль Қазақстанда ер азаматтарға көмек көрсету мүмкіндігімен консультациялық орталықтарды дамыту қажет деген ұсыныс айтты. 

«Бәлкім, бұл бағдарламаны бірнеше бағыт бойынша енгізу керек шығар. Атап айтқанда психикалық денсаулық орталықтарында тәуелді адамдарға мамандандырылған орталықтар ашу. Әрі ер азамат әкімшілік қамауда болғанда психологиялық-түзету бағдарламаларын іске асыру қажет. Психологтар жұмыс істесе, ол жерден басқа адам болып шығатын ба еді. Сондай-ақ отбасылық орталықтарды дамыту керек. Агрессорлардың әртүрі бар. Бәрі тек физикалық зомбылық жасамайды, психологиялық қысым жасайтындар бар. Ол ең алдымен сол адамның психологиялық травмалары, жеке тұлғалық жетілмеуімен байланысты. Егер олармен дер кезінде жұмыс істелсе, маниакалды агрессорларды ерте кезден анықтауға мүмкіндік берер еді. Оларды біз қызыл деңгейлі қауіп деп айтамыз. Ол адамдар көмекке мұқтаж, өзінің мінез-құлқындағы ауытқуын өзі жеңе алмайды. Ал ондай адаммен тұратын әйелдерді қорғау керек. Әйелін айтпағанда ата-анасын ұрып, ата-енесіне қоқан-лоқы  көрсететін ер азаматтар бар. Ондай да кейстер болды. Мысалы, бір ер адам біздің кризистік орталықтың әрбір қызметкерінің үстінен төрт мәрте арыз жазып шықты. Бір күні маған 160 рет қоңырау шалып, балама қастандық жасайтынын айтып қорқытты. Мұндай жағдайда ол адаммен жұмыс істелуі керек», - деп толықтырды ол.

«БАЛАНЫҢ ТҰРҒЫН ҮЙДЕГІ ҮЛЕСІН ЗАҢДАСТЫРУ КЕРЕК»

Бұған қоса, сарапшы жанжал жиі болатын отбасыда тәрбиеленіп жатқан балалардың жағдайын назардан тыс қалдырмау керек деп есептейді. 

Жұмыс ең бірінші кезекте балалардың мүддесін қорғау мақсатында істелуі керек. Меніңше, ең алдымен заң жүзінде тұрғын үйдегі баланың үлесін бекіту мәселесін қолға алу қажет. Егер ол үй мемлекеттік бағдарламалар немесе тұрғын үй кезегімен берілсе, сол отбасыда өсіп жатқан баланың үлесі болуға тиіс. Өйткені көп жағдайда ұрыс-керіс пәтер үшін болады. Ал әйел мен баланы қуып шыққан соң, пәтер еркектерге қалады. Бастапқыда ол пәтер балалар үшін берілгенін ескермейді, - деді сарапшы.  

Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі болған жағдайда агрессорды қысқа мерзімге үйден шығарып жіберу  тәжірибесін енгізу қажет. 

«Көп жағдайда әйелдер дағдарыс орталықтарына дымсыз келеді, өйткені агрессорлар оларға киім-кешегін жинауға мүмкіндік бермейді. Дағдарыс орталықтары керек. Өйткені елімізде күйеулері қудалайтын, тұрмысы төмен, өзінің басыбайлы баспанасы жоқ, бір сөзбен айтқанда әлеуметтік аз қамтылған әйелдер болады. Олар белгілі уақыт тұрақтайтын дағдарыс орталықтары қажет. Әрі тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі болса, міндетті түрде сол отбасыда өсіп жатқан балаларды тексеру керек. Агрессорлармен жұмыс істеу керек деп 2016 жылы айтыла бастады. жеке орталықтар ашып, медициналық тіркеу жүргізу керек деген көптеген ұсыныстар айтылды. Егер сол кезде қолға алғанда қазір жағдай басқаша болатын еді», - деді Анна Рыль. 

«ЖЫЛ САЙЫН 400 ӘЙЕЛ ҚАЙТЫС БОЛАДЫ»

«Араша» дағдарыс орталығының жетекшісі Маргарита Өскембаева Қазақстандағы әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғайтын заңдар жетілмеген деп есептейді. 

2020 жылы Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобасын қабылдау туралы бастама көтерілді. Парламентте арнайы жұмыс тобы құрылды. Мен сол жұмыс тобына кірдім. Алайда заң жобасы кейінге қалдырылды. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау қажеттігін айтып, соны талап етіп жатырмыз. Себебі қазіргі Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіндегі баптар жұмыс істемейді. Егер криминализациялау бойынша бір ортақ заң қабылдайтын болсақ, тиімді болатын еді. Ол заңды қабылдасақ, еркектердің бәрі сотталады деп қорқудың қажеті жоқ. Егер 2-3 прецедент болса, қоғамда зорлық-зомбылық азаяды, - деді құқық қорғаушы. 

Оның пікірінше, заңды жетілдірумен қатар, агрессорлардың құрбандарын қолдау үшін инфрақұрылымды дамыту қажет. 

Біздің «Араша» дағдарыс орталығымыз Алматыда орналасқан. Қалаға тиран күйеулерінен қашып, жаңа өмір бастау үшін әйелдер көп келеді. Заңды қабылдаумен қатар, әйелдерді зомбылықтан қорғау үшін инфрақұрылымды дамыту керек. Мәселе дағдарыс орталықтары пен панажайлардағы жатын орындары туралы болып отыр. Әйелдің өміріне қауіп төніп тұрса, дереу оны эвакуациялауға көшеміз. Статистикаға сәйкес, жыл сайын елде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 400 әйел қайтыс болады. Сондықтан әр әйелді құрбан болуы ықтимал деп қабылдаймын, - деді ол. 

Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмекті мемлекеттік және жекеменшік орталықтар 8 түрлі қызмет түрін көрсетеді. 

«Бізде мемлекеттік дағдарыс орталықтары мен Қазақстанның барлық өңірінде мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қызмет көрсететін коммерциялық емес, яғни үкіметтік емес ұйымдардың орталықтары бар. Алайда салыстырмалы түрде айтатын болсақ, әрқалай. Мысалы, Алматыда 5 жыл бойы панажайымыз жұмыс істеді, ол 17 орынға деп есептелген. Ал мемлекеттік орталықтар 50 орынға арналған, сәйкесінше бөлінетін қаржыда айырмашылық бар. Мемлекеттік және жекеменшік орталықтар бір стандарт бойынша жұмыс істеп, бірдей қызмет көрсетсе де, қаржы теңдей бөлінбейді. Мен мұны әділетсіз деп есептеймін. Сондықтан қаржыландыру жүйесін жетілдіру қажет деп есептеймін», - деді ол. 

Сонымен қатар құқық қорғаушы дағдарыс орталықтарындағы жатын орны жеткіліксіз екеніне назар аударды. Халықаралық есепке сәйкес, 10 мың халыққа 1 жатын орын деп есептеледі.

Егер Алматының 3 млн адам тұрып жатса, 300 орындық орталық болуға тиіс. Қазір онда тек бір ғана 50 орындық мемлекеттік дағдарыс орталығы бар. Қаланың тартымдылығын ескерсек, ішкі миграция тәуекел тобын тудырады. Одан бөлек, нақты бекітілген жедел әрекет ету алгоритмі болуы керек. Мысалы, мемлекеттік орталықтар сағат 18.00-ге дейін істейді, Еңбек кодексі бойынша 8 сағаттық жұмыс күні. Ал бізге әйелдер көбінесе демалыс, мереке күндері түнде жүгінеді. Ол кезде мемлекеттік ұйымдар жұмыс істемейді. Сондықтан мейлі мемлекеттік, мейлі жеке меншік орталық болсын, тәулік бойы жұмыс істеп, шұғыл көмек қолжетімді болуы керек деп ойлаймын, - деп толықтырды сөзін. 

Сондай-ақ сарапшылардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының 61 пайызы жазған арызын қайтарып алған. 

«Біз зорлық-зомбылық жағдайында татуласуға жол берілмеуі керек деп есептейміз. Балаларға қатысты жыныстық қылмыс үшін тараптардың татуласуына тыйым салынған. Әйелдердің көбі татуласады, өйткені баратын жері жоқ. Экономикалық жағдайға келіп тіреледі. Агрессормен тұрғысы келмесе де, экономикалық тәуелді. Әйелдердің меншікті үйі мен тұрақты табысы жоқ. Жұмысы болса да, ресми тіркелмеген. Егер татуласуға жол берілмесе, бәлкім зорлық-зомбылық жағдайы азаюы мүмкін», - деді Маргарита Өскембаева.