Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Алматыда жігітпен кездесуге кеткен бойжеткен өлі күйінде табылды

Алматыда ер адаммен кафеге кездесуге кеткен бойжеткен өлі күйінде табылды. Оқиға 16 қазанда болған. Марқұмның туыстары полиция қылмыстық істі «кісі өлтіруден» «абайсызда кісі өлтіру» бабына ауыстырып жібере ме деп күдіктенеді. Бұл туралы angry_taldyk инстаграм парақшасында жария болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Алматыда жігітпен кездесуге кеткен бойжеткен өлі күйінде табылды
Фото: kaz.zakon.kz

«Алғашқы кезде екеуі бір-бірімен жылы қарым-қатынаста тілдесіп отырған. Сәлден соң ер адамның біртүрлі әрекеттері байқала бастаған. Ол қызға тиісе бастаған, Айнагүлге оның қылықтары бірден оғаш көрінеді. Бастапқыда тыныштандыруға тырысқан қыз жанжалдың арты жақсы болмайтынын біліп 102-ге хабарласқан», - деп жазады дереккөз.

Кафедегі басқа демалушылар ер адамның қызды сыртқа сүйреп шығарғанын көреді. Көшеде шын мәнінде не болғанын ешкім нақты айта алмайды. 20 минуттан кейін Айнагүлді полицейлер өлі күйінде тапқан.

«Күдікті ешкімді өлтіргісі келмегенін оны жай итеріп жібергенін айтады. Ол бордюрге құлап, басына алған ауыр соққыдан мерт болған. Алғашқыда ер адам қорқып, қашып кеткенімен кейін қайтып оқиға орнына келді. Алайда жедел жәрдем шақыру үшін емес, қыздың өзімен бірге алып кеткен ұялы телефонын қайтарып беру үшін. Бұл тонау ма? Әлде оның телефонын алсам сол кеште кіммен кешкі ас ішкенін ешкім білмей қалады деп ойлады ма? Қылмысын осылай жасырмақ болды ма?», - дейді Айнагүлдің туыстары.

Оқиғадан кейін ұсталған азаматтың туыстары кешірім сұрау үшін марқұмның ата-анасының үйіне барған.

«Ол отбасында жалғыз ұл екен. Біз бәрібір кешірмейміз. Өйткені қызымыздан айырылып отырмыз. Ол қылмысы үшін жауап беруі керек», – дейді Айнагүлдің туыстары бірауыздан.

Қайтыс болған қыздың туыстары күдікті лайықты жазадан сытылып кете ме деп алаңдайды. Олардың ойынша, Алматы қаласының Полиция департаментіне қарасты Түркісіб полиция бөлімі істі «кісі өлтіру» бабынан «абайсызда адам өлтіру» бабына ауыстырып жіберуі мүмкін.

«Қай ата-ана жалғыз баласын түрмеге отырғызғысы келеді? Біз олардың барлық байланыстарын қосып, ұлын түрмеден шығарып ала ма деп қорқамыз», - деп алаңдайды марқұмның анасы.

Қайғыдан қан жұтқан марқұмның ата-анасы кеше баласын жер қойнына тапсырды. Олар тек істің әділетті шешелгенін қалайды.