Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Шымкентте Өзбекстан азаматын ұрлаған күдіктілерге қатысты тағы бір дерек шықты

Шымкентте ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы заңсыз еңбекке тартты деген күдікпен екі кірпіш зауытының қожайынын ұстады.

Шымкентте Өзбекстан азаматын ұрлаған күдіктілерге қатысты тағы бір дерек шықты
Фото: polisia.kz

Polisia.kz-тің хабарлауынша, 14 қазанда Алматы қаласының полиция департаментіне Ақтөбе қаласының тұрғынынан арыз түскен. Арыз беруші – Өзбекстан азаматы ағасының еңбек құлдығынан қашып құтылып, өзінің жанына, Алматыға келгенін жеткізді. Оның айтуынша, бұған дейін оған Шымкенттегі кірпіш зауытының қожайындары күш көрсетіп, қорқытып ұстап келген. Алайда белгісіз біреулер қайтадан інісінің ізіне түсіп, Алматыда қара түсті BMW көлігімен ұрлап кеткен. 

Осы оқиғаға байланысты Алматы қаласының полициясы Шымкент қаласының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен бірігіп, арнайы операция жүргізіп, 3 адамнан құралған қылмыстық топты ұстады. Олар кірпіш зауытының иелері, екеуі ағайынды болып шықты. Ұсталғандардың Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары екені анықталды.

Тінту кезінде жедел уәкілдер екі зауыттың аумағынан 60-тан астам шетелдікті анықтады. Олардың барлығы көрші Өзбекстаннан келген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында шетелдіктердің зауытқа жұмысқа шақырылғаны анықталды. Содан кейін зауыт иелерінің олардың құжаттарын тартып алып, жалақы бермегені және үнемі күш көрсетіп, корқытып ұстағаны белгілі болды.

Қазір 25 шетелдік жұмысшы «Сана-сезім» қоғамдық бірлестігінің қамқорлығында болса, 30-дан астам азамат жеке басын куәландыратын құжаттарының болмауына байланысты қабылдап-тарату орталығына орналастырылды.

Жалпы, полицияға күдіктілерге қатысты шетелдік азаматтардан 3 ресми арыз түскен. Күдіктілер қамауға алынды. Олар ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабы («Еңбекке қанау мақсатында бас бостандығынан заңсыз айыру») және 389-бабы («Өзінше билік ету») бойынша тергеліп жатыр.

Сараптама тағайындалды.