Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Адамның ішкі ағзасын алып-сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Алматы облысының полиция департаменті прокуратураның үйлестіруімен адамның ішкі органдарын алып-сатумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлады Paryz.kz. 

Адамның ішкі ағзасын алып-сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Фото: polisia.kz

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністерімен 22 фигурант (ұйымдастырушылар, медицина қызметкерлері, нотариус, реципиенттер мен донорлар) жеткізілді. Олар реципиенттер мен донорларды іздеу, жалған құжаттарды ресімдеу және ішкі органдарды трансплантациялау бойынша операцияларды ұйымдастыру міндеттерін өзара бөлісіп, әрекет еткен. Келісім құны – 6-10 миллион теңге. Осындай 8 факті анықталды. Үш негізгі ұйымдастырушы қамауға алынды.

Іздестіру іс-шараларының нәтижелері бойынша күдіктілерден ақша, құжаттама, цифрлық тасымалдағыштар және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес, трансплантациялау кезінде адам ағзалары мен тіндерін алып-сатуға тыйым салынады. ҚР ҚК-нің 116-бабы бойынша («Адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою») сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.