Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Таразда мемлекетке 121 млн. теңгеден астам зиян келтірген лауазымды тұлғалар сотталды

Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы және бұрыңғы сектор меңгерушісі лауазымдық міндеттерін асыра пайдаланғаны үшін сотталды. Олар өз қызметін теріс пайдаланып, мемлекет бюджетіне зиян келтірген, деп хабарлайды Paryz.kz.  

Таразда мемлекетке 121 млн. теңгеден астам зиян келтірген лауазымды тұлғалар сотталды
Фото: qov.kz

Мемлекеттік қызметкерлердің қылмыстық әрекеттері Тараз қаласының прокуратурасы жүргізген талдау барысында анықталды.

Мәселен, лауазымды тұлғалар 3,56 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімін заңсыз тәркілеп, оны екі коммерциялық жалпы ауданы 3,56 гектар жер теліміне айырбастады.

Алайда мемлекет мүддесі үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы учаскені алып қоюдың қажеті жоқ еді. Сонымен қатар, жер телімдерінің бағасы тең емес болғанына қарамастан айырбастап, мемлекет мүдделеріне 121 млн. теңгеден астам сомаға залал келтіруге әкеп соқтырды.

Коммерциялық мақсаттағы екі учаскеде 14 шағын ауданда орналасқан және оларды аукционда сату жергілікті бюджетке табыс әкелетін еді. Бірақ мемлекеттің орнына жеке адамдар пайда тапты: яғни, ауданы 1,3 гектар болатын бір учаске автосалонға 93 млн теңгеге сатылған. Осы жәйт бойынша Тараз қаласының прокуратурасы 07.06.2022 ж. ҚР ҚК 361-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, тергеу Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тапсырылды, - делінген прокуратураның хабарламасында. 

Сот жер қатынастары бөлімінің басшысын ҚР ҚК 361-бабының 3 - бөлігінің 4-тармағы, ал бұрыңғы сектор меңгерушісін ҚР ҚК 361-бабының 3-бөлігінің 4-тармағы, 24-бабының 5-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, оларға мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, екеуін де 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Сот шешімімен жер учаскелері мемлекеттік қорға қайтарылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.