Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі ұлттық университеттен алынады

Астана қаласындағы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталатын Ұлттық қорғаныс университетінен «ҚР тұңғыш президенті – Елбасы» деген сөздер алынып тасталады. Бұл туралы Cенат депутаты Бекбол Орынбасаров айтты, деп хабарлады Paryz.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі ұлттық университеттен алынады
Фото: akorda.kz

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Алайда депутаттар құжатты Мәжіліске қайтарды.

Жиыннан соң Бекбол Орынбасаров заң жобасының төменгі палатаға неге қайтарылғанын түсіндірді.

Сондай-ақ құжатта Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір құрметінен айыратын норма бары айтылды.

«Бүгін біз ерекше заң жобасын қарадық. Парламентте ол егжей-тегжейлі қаралған болатын. Президенттің бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» деген заң жобасы ұсынылды.

Құжат Мәжілісте қаралып, бізге түсті. Біз жалпы негізгі тұжырымдаманы қабылдадық. Бірақ заңды талқылау барысында бірнеше өзгеріс енгізуге тура келді.

Біріншіден, ақшаны аударуға байланысты. Мысалы, ақшаны жинақтау қорына аударған кезде доллардың бағамы әртүрлі болуы мүмкін. Доллар бағамы бір күнде 4-5 рет өзгеруі ықтимал. Сондықтан біз оны аудару күні емес, аудару уақыты деген өзгеріс енгіздік.

Екіншіден, «Тұңғыш Президент және Елбасы туралы» заңның өзгеруіне байланысты біз осы мәселені арнайы қарадық. «Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдары туралы» заңның нормасына сәйкес келтіру керек болды. Заңмен Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде оқыту мәселесі регламенттелген.

Сенаторлар осы университетің атауын Қазақстан Республикасы тұңғыш президентінің есімі деген сөздерді «Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңның қолданылуын тоқтатылуына байланысты Қазақстан Республикасы деген сөздермен ауыстыруды ұсынды.

Үшіншіден, ұлттық әл-ауқат қорының жалғыз акционерінің құзыретін реттейтін қайталанатын нормалар алынып тасталды. Бұл түзетулер заңды және принципті сипатта. Сондықтан Сенат заңның жекелеген баптарын мақұлдамауға және аталған баптардың жаңа рекомендациясын ұсынып, оны Мәжіліске қайтаруға тура келді», - деді депутат.

Сенатор Астанадағы ұлттық әскери университеттің атауы өзгеретінін атап өтті.

Бұрын жоғары оқу орны Қазақстан Республикасы тұңғыш президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс универитеті деп аталса, енді Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс универитеті деп аталады, - деп нақтылады Бекбол Орынбасаров.

Айта кетейік, 2019 жылдың 19 наурызында сағат 19:00-де Қазақстанды 30 жылға жуық уақыт басқарған Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеме жасап, президенттіктен кететінін жариялады.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдемесінде «Мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер. Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын. Бірақ бүгінгі үндеудің маңызы зор. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілетімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – оңай шешім емес» деді.

Назарбаев сайлау өткенге дейін уақытша президент қызметін сол кездегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атқаратынын айтты. 2019 жылдың 9 маусымында Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, сол сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев көпшілік дауыспен жеңіске жетті.

2021 жылдың 23 қарашасында Nur Otan партиясының саяси кеңесі отырысында Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағалығын қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыратынын айтты.

2022 жылдың 6 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жариялап, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болғанын мәлімдеді. Бұл шешім Қазақстандағы қайғылы оқиға Қаңтар оқиғасынан кейін болды.

2022 жылдың 27 қаңтарында Сенат мемлекеттік бастамаларды Елбасымен келісу қажеттілігін жоюды ұсынды. Сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесі мен ҚХА-ға өмір бойы төрағалық ету құқығының күшін жою мақұлданды.