Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

«10 ай бойы үйқамақта отырмын»: белгілі отандық актер Президенттен көмек сұрады

Танымал актер Асқар Жұмабеков басына іс түскенін айтып, ел Президентінен көмек сұрады. Актердің сөзінше, қалталы олигархтардың кесірінен жазықсыз бір топ жігіт сотталып кетпек. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап. 

«10 ай бойы үйқамақта отырмын»: белгілі отандық актер Президенттен көмек сұрады
фото: әлеуметтік желіден

Оқиға былтыр 27 желтоқсанда Алматыдағы әл-Фараби даңғылындағы караокелердің бірінде болған. Актердің айтуынша, аталған жерде ауқатты әулеттің ұлдары жаға жыртысқан. Ал Асқар Жұмабеков төбелескен жігіттерге араша түскен.

«Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, құрметті Президент, Сізден өтініп, көмек сұрағым келіп тұр. Мына видеоны түсіруге мәжбүр болып тұрмын. Себебі басымда бір іс болып жатыр. Құрметті сот, өзім халықтың алдында жүрген адаммын, өнер адамымын, актермін. Сол себепті осы видео сізге жетеді деген үміттемін, - деді ол.

Оның айтуынша, жақында сот үкім шығады. Ал өзі 10 айдан бері үйқамақта отыр.

«Мен мына видеоны өзімді қорғау мақсатында, сізден көмек сұрау мақсатында түсіріп қойып жатырмын. Әділдікті қалаймын. Ол жерде менің ешқандай кінәм жоқ. Мен ажыраттым. Ешкіммен төбелескен жоқпын, құрметті Президент. Егер де ертең бізді бас бостандығымыздан айыратындай жағдай болып жатса, осы видео бүкіл Instagram желісінде тараса екен деймін. Ол жерде ауқатты кісілердің ұлдары болған. Сол себепті кімге барып көмек сұрасаң да, басын алып қашады. Себебі қорқады. Мына видеоны өзім түсіріп отырмын. Өйткені басқа мүмкіндік қалмады, құрметті Президент. Барынша көмек беруіңізді өтініп сұраймын СІзден», - деді актер.

Асқар Жұмабековтің айтуынша, бұл іс бойынша өзге де жігіттер де жазықсыз сотталғалы жатыр. Алайда актер олардың кім екенін айтпаған.

«Біз қай елде тұрып жатырмыз? Бізде ақша жоқ болса, біз сонда бәріміз қамала беруіміз керек пе? Егер сондай болса, онда біз Қазақстан елінің азаматы болмай-ақ қояйық», - деді ол.