Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Мемлекет басшысы Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдады

Президент спортшыларды жүлделерімен құттықтап, бірқатарына Құрмет грамоталарын табыстады. Мемлекет басшысы Ризабек Айтмұхан еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы болғанын еске салды, деп хабарлайды Ақорда. 

Мемлекет басшысы Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдады
Фото: akorda.kz

Бәсеке өте жоғары болған Азиада ойындарында ел құрамасы 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль иеленді. Атлеттеріміз нысана көздеу, ескек есу, веложарыс, джиу-джитсу спортынан үздік шықты. Мемлекет басшысы каратэден жалпы командалық есепте бірінші орын алған Қазақстан құрамасын ерекше атап өтіп, осы спорт түрінен Азиадаға қатысқан 8 спортшының бәрі жеңіс тұғырына көтерілгеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларымыздың жеңіске жетуіне бапкерлер және басқа да мамандар айрықша үлес қосқанына тоқталды. Осы орайда Мемлекет басшысы спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін атап өтті.

– Қажырлы еңбек пен жеңіске деген мұқалмас ерік-жігердің арқасында әрқайсыңыз жоғары нәтижеге қол жеткіздіңіздер. Алайда еліміздің жалпы көрсеткіші өткен Олимпиада мен Азиада ойындарынан да өте жақсы болуы мүмкін еді. Мұны ашық айтуымыз керек. Бокс, ауыр атлетика, еркін және грек-рим күресі дәстүрлі түрде ел құрамасының қоржынына жүлде салып, айтарлықтай үлес қосатын. Жеңіл атлетика, спорттың командалық түрлері жанкүйерлерімізді көбірек қуанышқа бөлейтін. Барлық спорт түрі бойынша кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажет, - деді Президент.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы олқылықтардан нақты сабақ алып, алдағы Париж Олимпиадасына тыңғылықты дайындалуға шақырды.

Жиында 2023 жылғы XIX жазғы Азия ойындарының стенд атудан екі дүркін жеңімпазы және қола жүлдегері Әсем Орынбай, каноэ және байдарка есуден XIX жазғы Азия ойындарының жеңімпазы және күміс жүлдегері Сергей Емельянов, еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан, каратэден XIX жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Нұрқанат Әжіқанов, нысана көздеу спортынан ұлттық құраманың бас бапкері Ольга Довгун сөз сөйледі.

Президент спортшыларға және бапкерлер корпусының жұмысына табыс тіледі. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар спортшыға Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамоталарын табыстады.