Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Терапевтке жазыламын деп, «жынданып» кете жаздаған – Асхат Аймағамбетов МӘМС жүйесі жайлы

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов міндетті медициналық сақтау жүйесі арқылы көмек алудың іс жүзінде қаншалықты қиын екенін айтты. Терапевт қабылдауына 1 ай кететінін, бюрократиялық өте күрделі жағдай қалыптасқанын айтты. Тіпті, бұл туралы МӘМС жүйесіне қатысты жазылған шағым-хатты оқып берді, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап. 

Терапевтке жазыламын деп, «жынданып» кете жаздаған – Асхат Аймағамбетов МӘМС жүйесі жайлы
Коллаж: Azattyq Ruhy

«Биыл өз басымнан өткен. Ауырып терапевке жазылдым. Ол онкологқа жіберді. Кезегімді күтіп онкологқа бардым. Ол анализ тапсыруымды сұрады. Анализге жолдаманы тек терапевт береді екен. Терапевке қайта жазылдым. Одан жолдама алдым. Сосын қайта онкологқа бардым, маман мені облыстық ауруханаға жіберді. Ол жаққа тағы жазылдым. Барсам, қосымша тағы анализ тапсыруым керегін айтты. Жолдаманы терапевт береді екен. Қайтадан терапевке жазылып, оған қайта бардым. Одан жолдама алып, облыстық ауруханаға бардым. Осылай үш ай жүрдім. Сол үш ай ішінде жынданып кете жаздадым», - делінген хатта.

Бұл мәселеге қатысты Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева да пікір білдірді.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізген кезде, Үкімет бұл модель көрсетілетін медициналық қызметтің тізімін кеңейтуді және оны әр азамат өзі қалаған жерде кез келген уақытта алуы мүмкіндігін қамтамасыз ететінін айтқан еді. Осылайша «ақша пациенттің соңынан ереді» қағидаты орындалуы керек еді. Алайда қазір нақты нәтижесі керісінше екенін байқадық. Бұл ретте, адамдар емханаларда ұзын-сонар кезек бар екенін үнемі айтып жүр. Ал нақты дәрігер маманға жазылу үшін бірнеше апта, тіпті айлап күту керек. Кейбір жағдайда дәрігерге уақытында жете алмай, ақылы қызметке жүгініп, артық шығынға тап болады. Осының салдарынан тұрғындар «сақтандыру жарнасын не үшін төлейміз? Оның қандай артықшылығы бар?» деген сұрақтарды жаудырып жатыр. Адамдардың көбісі сақтандыру жүйесінде болмағандықтан, оларға жекеленген қызметтер көрсетілмейді. Қазір шұғыл медициналық қызметке жүгінуге мәжбүр 3 млн-нан астам адам сақтандыру жүйесінен тыс қалған. Бұл өз кезегінде аурудың асқынуына алып келеді», - деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.

Мәселенің шешімі қандай болатыны – уақыттың ғана еншісінде.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ел азаматтары өз денсаулығына қанша қаражат жұмсайтынын және еліміздегі медицина саласындағы осы және өзге де мәселелерді айтты.