ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров бүгін Израильдегі жағдайға қатысты пікір білдірді.
Қазақстан көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына әкеп соққан Палестина-Израиль қақтығысының өршуіне терең алаңдаушылық білдіреді. Тараптарды ахуалды бейбіт жолмен шешу үшін саяси құралдар іздестіруге және тек екі мемлекет арасындағы ғана емес, жалпы Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығуына әкелуі ықтимал іс-әрекеттерге бармауға шақырамыз, - деді ҚР СІМ ресми өкілі.
Оның айтуынша, қазір Қазақстанның Тель-Авивтегі Елшілігі Израильдегі азаматтарымызбен тұрақты байланыста.
Елшіліктің жедел байланыс арнасы ашылып, Қазақстан азаматтарына елге оралу үшін одан әрі көмек көрсету мақсатында олардың тізімі жасалып жатыр, - деді Айбек Смадияров.
Ертең сағат 12:00-де Сыртқы істер министрлігінде арнайы брифинг өтеді. БАҚ өкілдеріне осы жағдайға қатысты толыққанды ақпарат сол сәтте берілмек.