Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Қостанайда есірткі таратқан екі студент 10 жылға сотталды

Қостанай облысында колледждің 19 жастағы студенттері есірткі таратқаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Paryz.kz.  

Қостанайда есірткі таратқан екі студент 10 жылға сотталды
Фото: polisia.kz

Polisia.kz мәліметінше, облыс прокуратурасының өтініші бойынша сот қарауы Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде 300 студенттің қатысуымен өтті.

Екі қызды Қостанай облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері биыл 11 қаңтарда жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде ұстаған.

Қостанайдағы колледждердің бірінің студенттері есірткіні үйлердің кіреберістерінде, соның ішінде пошта жәшіктерінде жасырған. Тінту кезінде студенттерден ақ түсті ұнтақ заты бар 50 байлам тәркіленді. Кейіннен жалдамалы пәтерді тінту кезінде аса ірі мөлшерде, 192 грамм синтетикалық есірткі — мефедрон табылды және тәркіленді.

Осы фактілер бойынша полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі бойынша ("Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу") (аса ірі мөлшерде) сотқа дейінгі тергеу жүргізді.

Сот шешімімен сотталушылар 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.