Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Павлодарда студентті ұрып «тәртіпке салған» колледж мұғалімі жұмысынан босатылды

Павлодар қаласындағы монтаждау колледжінің арнайы тәртіп пәні мұғалімінің видеосы желіде тарады. Видеодан оның кәмелетке толмаған баланы тұрғызып қойып, құйрығынан қатты затпен бірнеше рет ұрғанын көруге болады, деп хабарлайды Paryz.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодарда студентті ұрып «тәртіпке салған» колледж мұғалімі жұмысынан босатылды
Фото: видеодан скриншот

Видео сипаттамасында осылайша шәкірттерін ұрып, үнемі тәртіпке салатыны айтылады. Оның үстіне аталған ұстаздың жасөспірім қыздарды қоймаға қамап алып, «тәртіпке салған» кезі де болыпты. Қазір ата-аналар және құқық қорғаушылар тарапынан құзырлы органға шағым түскені де нақтыланады.

«Жалпы, соңғы кездері монтаждау колледжінің директоры Рeнат Дүйсекенов шулатып тұр. Былтыр, студенттердің ақысын жеп бір шулатты. Колледжге директор болып келген соң бір айдың ішінде 24 қызметкер жұмыстан кетті. Ол өзіне ұнамаған адамды қыспаққа алып жұмыстан кетуге мәжбүрлейді. Ал олардың орнына өз адамдарын алған дейді. Айтпақшы, жуырда 13-қыркүйекте осы директор Дүйсекенов жаяу жүргіншілер жолағында екі жасөспірімді көлігімен қағып кеткен. Ол оқиғаның арты да сұйылып кетті-ау. Не керек, жасап жүрген әрекетіне қарағанда «шатыры» мықты сияқты», - делінген жазбада.

Кейіннен желіде «жұлдызға айналған» ұстаздың жұмыстан босатылғаны белгілі болды. Мұны аталған колледж директоры Ренат Дүйсекенов Facebook-тегі парақшасында нақтылады.

«Орын алған келеңсіз жағдайға байланысты Павлодар қалалық монтаждау колледжі әкімшілігі шұғыл шаралар қабылдап, тиісті жұмыстар жүргізді. Әрине, ешбір мұғалімге бала құқығын таптауға, ауыр сөздер айтуға, қол жұмсап, күш көрсетуге жол берілмейді. Мұндай әрекеттер ҚР заңнамасы аясында қарастырылып, шаралар қабылданады. Әлеуметтік желіде тараған материалдар негізінде педагогикалық әдеп кеңесі өткізілді. Кеңес отырысында аталған мұғалім кінәлі деп танылып, жұмыстан босату туралы шешім қабылданды. Облыс пен қала тұрғындарынан, колледж студенттері мен ата-аналарынан оқытушы-мұғалім тарапынан кеткен өрескел қателік үшін кешірім сұраймыз», - деп жазды ол.