Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Ана сүтінің балаға қандай пайдасы бар

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде шамамен 3 миллион нәресте 4 апталық мерзіміне жетпей шетінеп кетеді екен. 

Ана сүтінің балаға қандай пайдасы бар
Фото: pixabay.com

Ерте өлімге шалдығу және балалардың осы жаста шалдығатын әртүрлі ауруларының алдын алуға бағытталған қарапайым технологияларының бірі  ана сүтімен емізу, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Осы ұйым сарапшыларының зерттеуіне сүйенсек, егер барлық бала туа сала тек ана сүтімен қоректенсе, онда жыл сайын шамамен 1,5 миллион баланы ажалдан арашалауға мүмкіндік болады екен.

Ана сүті – сәбидің алғашқы 2 жыл өмірінде теңдесі жоқ тағам. Ана сүті ғана сәбидің толыққанды физикалық өсуін, ақыл-ойының қалыптасуын, психологияық дамуын қамтамасыз ете алады және құрамында баланың өсіп-дамуына қажетті барлық қоректік заттек толық, үйлесімді қатынаста.

Ас қорыту ферменттерінің толық жетілмеуіне байланысты нәресте әлі басқа тағам түрлерін қорыта алмайды. Сондықтан ана сүті қорыту, сіңіру, алмасу үрдістерінің ерекшелігіне сай қажетті ферменттермен қамтамасыз етеді.

Ана сүтімен ұзақ және толыққанды қоректену бала ағзасын тек қажетті заттектермен қамтамасыз етіп қоймай, сонымен қатар көптеген аурудан сақтайды: жиі суық тию, яғни тыныс жолдарының қабынуынан, вирустық, жұқпалы, ішек ауруларынан, салмақ аздық (гипотрофия), рахит, темір тапшылығы, анемия, 2-типті қант дибеті, семіздік сияқты аурулардан қорғайды.

Қорыта келе, ана сүтінің бала ағзасына тигізетін пайдасын төмендегідей түйіндеуге болады:

- Балалар диабетінің, қатерлі ісіктердің, құлақ инфекцияларының даму қаупін төмендетеді;

- Екпеден кейін оңтайлы реакция көрсетеді және ауруларға қарсы тұру қабілетін жоғарылатады;

- Психомоторлық, эмоционалдық және әлеуметтік дамуына көмектеседі.

Ал босанған әйелдердің ағзасына баланы ерте және ұзақ емізудің пайдасы зор:

- Босанғаннан кейінгі қан кетудің тоқтауын, бала жолдасының тез ажырауын, бала өрбіту ағзаларының қалыпқа келуін тездетеді;

- Отбасын жоспарлауда тиімді құрал болып cаналады. Себебі неғұрлым белсенді және ұзақ емізген сайын келесі жүктілікке физиологиялық тұрғыда төтеп береді;

- Отбасы қаржысын үнемдеуге үлкен үлес қосады, яғни өндірістік сүт және басқа да қоспаларды сатып алудың қажеті болмайды.

Ана сүті – жаңадан дүниеге келген бала үшін теңдесі жоқ табиғи сый және денсаулығы мен ұзақ, бақытты өмір сүруінің іргетасы.