Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жер кадастрындағы ашық ақпараттың ашық болуын айтып, сұраққа жауап бере алмаған вице-министрдің жұмыстан кетуін талап етті, деп хабарлады Paryz.kz Halyq Uni- не сілтеме жасап.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бірінші оқылымда қаралды.
Депутат Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабековке маңызды сұрақ қойды.
Қазір Ақпараттық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі заңды қарап отырмыз. 2016 жылы жерге қатысты үлкен митингілер болды. Салдарынан халық көтерілді. Ондағы ең негізгі мәселе жер кадастрын ашуға байланысты болды. Әрбір жердің артында қандай жемқор шенеунік, прокурор, әкім, судья және осы жүйемен ауыз жаласқан қандай олигарх тұрғанын халық білуі керек. Өкінішке қарай, бұл ақпарат ашылмады, - деді депутат.
Одан бөлек, депутат Мәжілісте көтерілген бірнеше мәселе Үкіметтен қолдау таппағанын айтты.
«Активтерді қайтару туралы» заң жобасында мен бұл ұсынысты енгіздім. Әріптестерім ұсынысымды қолдаса да Үкіметтің кесірінен ол қабылданбады. «Жайылымдар туралы» заң жобасында да осыны ұсындым. Оны әріптестерім қолдап, Үкімет қайта қолдамады.
Біріншіден, заң жобасы («Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы») жер кадастрындағы (мәліметті) ашуға көмектесе ме? Ертең жер кадастры ашылмай қалмай ма?
Екіншіден, Орхус конвенциясына қосылдық. Оның ақпараттық қолжетімділігі. Оған Қазақстан ратификация жасады. Алайда жер кадастры ашылмай тұр. Бұл заңды ма?, - деді Бақытжан Базарбек.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков депутаттың сауалына жауап беруге тырысты.
- Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында біз ашықтықты қамтамасыз ету үшін арнайы жария кадастрлық картаны іске қостық. Оның негізінде жер учаскелері туралы ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік ұйымдастырылады.
Қазір осы жария кадастрлық картаның негізінде жер құқықтық және қала құрылысы кадастрларының деректері жарияланды.
Сондай-ақ жер учаскелерінің меншік иелері туралы деректер Жер кодексіне сәйкес мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпарат жүйесінің (Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі – ред.) жергілікті базасынан оны жинап, көшіріп жатырмыз. Осы техникалық жұмыстар аяқталды.
Енді функционалдық тестілеу жүргізіліп жатыр. Осы тестілеу біткен соң жария кадастрлық картасында жарияланады. Оны қазанның аяғына дейін деп жоспарлап отырмыз, - деді вице-министр.
Бақытжан Базарбек вице-министрдің жауабына қанағаттанбады. Депутат «өтірік әңгімеден» шарағанын ашық айтты.
Қазақта «Домбырам не дейді, мен деймін» деген мақал бар. Мен сізден жария кадастрлық карта туралы сұрамадым. Мен сізден «жердің иесі кім?» деп сұрап тұрмын. ... Жердің иесі мен оның аты-жөні туралы ақпарат ашық болуға тиіс. Орхус конвенциясына қосылдық. Конвенцияның күші Конституцияның 4-бабына сәйкес ұлттық заңнамадан басым болады. Өтірік әңгімені қашан тоқтатасыздар? Жер кадастрын ашу керек. Халықтың мұңы осы. Мұндай өтірік әңгімені Парламент төрінде айтуды қойыңыздар. Болмаса, жұмыстан кетіңіздер, - деді депутат.
Вице-министр жер учаскесі кімге тиесілі екенін сұраныс арқылы білуге болатынын атап өтті. Алайда, оның жауабы депутаттың көңілінен шықпады.
Бұл – өтірік әңгіме. Оның жалғасып жатқанына 20-25 жыл болды, - деді Бақытжан Базарбек.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттың сұрағына жазбаша жауап беруді тапсырды.