Қазақстандағы мектептерде 2025 жылдан бастап Әлем әдебиеті пәні енгізіледі. Бұл туралы Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Орта білім мазмұны институтының директоры Сейфулла Смайлов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
ХАЛЫҚ МІНЕЗ КӨРСЕТУГЕ ДАЙЫН ЕМЕС
Әуелі мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мектептерде орыс әдебиетін оқытуға қатысты «басқа елдің әдебиетін ұрпақ санасына сіңіру – қате» деп мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, әлем әдебиетімен танысуға мүмкіндік бар кезде тек орыс әдебиетін оқытуға негіз жоқ. Осы мәлімдемеден кейін әлеуметтік желіде бұл тақырып жиі талқыланатын болды.
Филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер де бұл пікірге қосылды. Айтуынша, орыс әдебиеті – әлем әдебиетінің бір бөлшегі. Жоғары оқу орнында Шығыс әдебиеті, Түркі халықтарының әдебиеті, жаһан әдебиеті деп бөлек оқытылады. Орыс әдебиеті солардың бірі ғана.
Бұл жерде оған жеке дара сағат бөліп, «ағылшын әдебиетін неге солай оқытпаймыз?» деген сұрақтың туындауы логикалық тұрғыдан заңды, дұрыс. Орыс тілі БҰҰ ресми алты тілінің бірі болса, француз, ағылшын да, қытай тілі де сол қатарда тұр. Ендеше тура сондай сағатты француз, ағылшын тілін үйретуге берейік деп мінез көрсетуіміз керек. Бірақ оған қоғам әлі дайын емес. Біздің қоғамда орыс тілінің үстемдігі өте күшті болып тұр. Содан біз арылуымыз керек, - дейді Қайырбек Кемеңгер.
Айтуынша, Өзбекстанда орыс тіліне қатысты жағдай реттелген.
«Өзбекстан, Қырғызстан Ресеймен шекаралас емес. Біздің құбырымыздан бастап, тас жол, темір жол, әуе жолы Ресеймен араласып жатыр. Өзбектің мәселесі бізге қарағанда әлдеқайда шешілген. Бір тілде сөйлейтін қауым бар, сан жағынан көп. Ресейге дәл қазақ секілді тәуелді емес», - дейді филолог.
Қайырбек Кемеңгер орыс әдебиетін алып тастаса, орнына Түркі халықтарының әдебиетін оқытуды ұсынды. Айтуынша, оған қажетті аударма еңбектер де жеткілікті.
Тіл мен білім беру мәселесі талқылынап жатқан соң бірнеше жыл колледжде сабақ берген Олжас Құспековің де пікірін білдік. Мәжіліс депутаты орыс әдебиеті Кеңес үкіметі кезінде еніп, содан бері алынып тасталмай жүргенін алға тартты.
Орыс әдебиеті Совет үкіметі бағдарламасынан бері бөлек пән ретінде қалып қойған. Одан басқа 70 жылдық тарихымыз бар. Оның әлем әдебиеті қатарына қосылып, әлем әдебиеті оқытылғанын қалаймын. Бөлек пән қажет етілмейді, - дейді депутат.
2025 ЖЫЛЫ ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ ПӘНІ ЕНГІЗІЛЕДІ
Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Орта білім мазмұны институтының директоры Сейфулла Смайлов оқу бағдарламасына өзгеріс енгізілетінін мәлімдеді.
«Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің кіріктірілген бағдарламасы бойынша 5-6 сынып оқулықтарында әлем әдебиетінің озық үлгілері қамтылған. Білім мазмұнын жетілдіру аясында қазақ тілінде оқитын сыныптарға арналған орыс тілі мен әдебиетінің бағдарламасына едәуір өзгеріс енгізілді. Қазақ сыныптарында орыс тілі мен әдебиеті пәні – кіріктірілген пән. Ол жеке пән болып оқытылады деп жоспарланып отыр. Ол ішінде орыс тілі пәні және әлем әдебиеті болып бөлінеді. Жоспар бойынша 2025 жылдан бастап енгізіледі», - дейді ол.
Мамандар әлем әдебиеті пәні енгізілсе, кімдердің сабақ беретінін де айтты.
Оқыту тіліне келсек, қазақ тілінде оқитын сыныптарда әлем әдебиеті қазақ тілінде оқытылады. Орыс тілінде оқитын сыныптар әлем әдебиетін орыс тілінде оқиды. Бағдарламада Батыс Еуропа, Шығыс Азия, Түркі елдері жазушыларының шығармалары қамтылған. Енді қазақ тілінде білім беретін сынып оқушылары қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетін оқиды. Бұл сыныптарға қазақ тілі пәнінің мұғалімдері сабақ береді. Орыс сыныптары үшін орыс тілі мұғалімдері сабақ өтеді, - дейді ол.
Бұл өзгерістер мемлекеттік білім беру стандарты аясында енгізіледі. Сондай-ақ үлгілік оқу бағдарламасы әзірленіп, орыс әдебиеті кезең-кезеңімен алынып тасталады. Алайда оған 4-5 жыл уақыт қажет.
ОРЫС ТІЛІ МАМАНДАРЫ ТАПШЫ
Еліміздің басым бөлігінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі жетпейді. Тамыздағы ресми ақпарат бойынша, Алматы облысында 63, Алматы қаласында 62, Солтүстік Қазақстан облысында 44, Абай облысында 28, Ақмола облысында 23 орын бос тұрды. Бұл қатарда Ақтөбе, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облысы да бар.