Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Қызылордада «Startup Jolу» инкубациялық бағдарламасының алғашқы кезеңі аяқталды

Қызылордада кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға бағытталған "Startup Jolу" инкубациялық бағдарламасының алғашқы кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Paryz.kz.  

Қызылордада «Startup Jolу» инкубациялық бағдарламасының алғашқы кезеңі аяқталды
фото: Өңірлік коммуникациялар қызметінің парақшасынан алынды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте байқаудың алдағы кезеңіне өтінім қабылдау мерзімінің басталғаны туралы хабарланды. 

Бірнеше кезеңнен тұратын "Startup Jolу" инкубациялық бағдарламасы бойынша білім беру жұмыстары 14 тамызда басталған болатын. Бағдарламаға қатысуға 135 адам өтінім беріп, алғашқы легіне 57 жоба қабылданды. Қатысушылар менторлармен бірге жеке жұмыс жасап, кәсіпкерлікке қатысты маңызды тақырыптар бойынша өткен 16 тегін семинарға қатысты. 

"Startup Jolу" инкубациялық бағдарламасынының алғашқы кезеңін қорытындылау үшін "Demo Day" инновациялық жобалар байқауы өтті. Байқауға бағдарлама қатысушылары арасынан 26 жоба іріктеп алынып, инвесторларға таныстырылды", - деді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті кәсіпкерлік орталығының басшысы Жанарыс Тубекбаев.

Брифингте Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті "Рекрутинг және мансап" басқармасының басшысы Жандос Оразмаханов байқау жеңімпаздарына 1 млн теңге үлестірілгенін жеткізді.

"Demo Day" қатысушылары арасында 3 жобаның жеңімпазына қаржылай жүлде табысталды. Бұл байқауда Раушанбек Бейбарыс “Educopter” жобасы бойынша 500 мың теңге иеленді. "Dmenu" жобасының авторлары Тұрсынбай Елдос пен Ахметов Бауыржанға 300 мың теңге берілсе, Мұңайтбасова Жұлдызай және Тұрғанбай Раушан "EcoDabyl" жобасы арқылы 200 мың теңге жүлдеге ие болды. Байқау  қатысушыларына QazInnovations ұйымының  100 млн теңгеге дейінгі гранттық бағдарламасына қатысуға мүмкіндік беретін арнайы сертификаттар ұсынылды. 

Брифинг барысында байқау жеңімпазы Раушанбек Бейбарыс “Educopter” жобасын таныстырды. 

"Елімізде робототехника бағыты қарқынды дамып келеді әрі техникалық үйірмелер ашылып жатыр. Мен оқушылар  мен студенттердің дайын заттарды қолданғанынан гөрі өз қолдарымен құралдар жасағанын қалаймын. Осы мақсатта "Demo Day" байқауына арнап "Educopter" деп аталатын оқу-жаттығу дрон жиынтығын әзірледім. Бұл жиынтық арқылы кез келген адам өзінің дронын құрастырып, бағдарламалай алады", - деді өнертапқыш.

Бүгінде Сыр өңірінде стартап жобалар мен кәсіпкерлікке қызығатын жастардың қарасы көбейген. "Startup Jolу"  бағдарламасының келесі кезеңіне қатысуға өтінім қабылдау уақыты 25 қыркүйекке дейін жалғасады.