Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Дәрігерді сабап, мәйітті ұрлаған»: Талғар аудандық ауруханасында жанжал шықты

Алматы облысы Талғар аудандық орталық ауруханасында қайтыс болған науқастың ұлдары жансақтау бөлімінің дәрігері мен мейіргерін соққыға жықты. Зардап шеккен медицина қызметкерлерінің жағдайы ауыр.

«Дәрігерді сабап, мәйітті ұрлаған»: Талғар аудандық ауруханасында жанжал шықты
Фото: narodna-pravda.ua

Талғар аудандық ауруханасының мәліметінше, әкесінің қайтыс болғанын естіген ұлдары медицина қызметкерлеріне күш көрсетіп, марқұмның денесін алып кеткен. Денсаулық мекемесіндегі жанжал видеосы әлеуметтік желіде тарады.

 «Қайтыс болған ер адамның ұлдары кісі өлімі туралы дәрігер анықтамасының ресми рәсімін күтпестен жансақтау бөліміне кіріп, ондағы дәрігер мен мейіргерді соққыға жықты, марқұмның денесін медициналық төсек арбамен бірге ұрлап кетті», - делінген Талғар аудандық орталық ауруханасы таратқан мәлімдемеде.

Жасалған шабуыл салдарынан анестезиолог-реаниматолог дәрігерге бас миының жарақаты, көптеген теріасты гематомасы, кеңсіріктің жабық сынығы диагнозы қойылды. Мейіргерге мидың жабық жарақаты, маңдайдың жұмсақ тіндерінің көгеруі, мұрынның жабық сынығы диагнозы қойылды.

«Шақырту бойынша оқиға орнына жеткен Талғар аудандық полиция қызметкерлері қайтыс болған адамның денесін қайтару және дәрігерлерге шабуыл жасағаны үшін кінәлілерді ұстау бойынша қажетті шаралар қабылдады. Аталған фактіге алда құқықтық баға беріледі»,- деп атап өтті ауруханадан.