Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Ақмола облысында 190 мың гектар игерілмеген жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Жер ел игілігіне  пайдаланылуы қажет. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мемлекет меншігіне игерілмеген жерді қайтаруды биыл да тапсырған болатын. Мәселен, өткен жылы азаматтарға заңсыз берілген немесе пайдаға жаратылмаған 5 млн гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 4,8 млн-ы  – жайылымдық  жерлер, деп хабарлайды Paryz.kz.  

Ақмола облысында 190 мың гектар игерілмеген жер мемлекет меншігіне қайтарылды
фото: egemen.kz

Ал ауыл шаруашылығы министрлгінің мәліметінше, биыл жыл басынан бері мемлекет меншігіне пайдаланылмай тұрған және заңнаманы бұза отырып, берілген 2 млн гектарға жуық ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылған. Жыл соңына дейін ел игілігіне жалпы көлемі 5 млн гектар жерді қайтару жоспары бар. Мемлекет меншігіне берілген бұл жерлер бірінші кезекте халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз етуге бағытталып, аудандардың резервіне қойылады. Халыққа тиісті жайылым жер берілген соң, қалғаны конкурсқа шығарылады.

Игерілмеген жер телімдерін мемлекет меншігіне беру жұмысы Ақмола облысында да қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы 302,4 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер ел игілігіне қайтарылды. Облыстық прокуратура биыл да пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, жұмыс жүргізуде. Мәселен, мониторинг нәтижесінде бос жатқан 812 мың га жер анықталған. Жергілікті прокуратура өкілдерінің  айтуынша, облыстың барлық аймақтарына іссапарлар жүргізіліп, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларымен кездесулер өткізілді. Сондай-ақ тексерулер мен  сот процестерін болдырмау үшін  жерді өз еркімен қайтару туралы ұсыныстар берілді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 92 мың гектардан астам жайылымдық жер қайтарылды. Жалпы, биыл қадағалау актілеріне сәйкес,  190 310 гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Прокуратура өкілдерінің айтуларынша, аталған бағыттар бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда.

Жайылымдық жер кез келген ауылдағы халықты алаңдататын мәселе. Өйткені  «ауылды жерде тұрып, мал бақпау, жерге мұқтаж болу ақылға қонымсыз»,-дейді  қарапайым халық. Мысалы, Атбасар ауданы Сочинское ауылының тұрғындары ұзақ жылдар бойы мал бағатын жер болмай, әбден қиналғандарын айтады. Елді мекендегі  мал шаруашылығымен айналысатын 200-дей шаруашылық үшін ірі қараны азық-түлікпен қамтамасыз ету қиынға соққан. Биыл жергілікті әкімдік жергілікті серіктестіктің өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарған жерін  ауыл халқына жайылымдыққа берді. 

Алайда барлық серіктестіктер мұндай әрекетке бара бермейді. Ондай кезде  мәселеге құқық қорғау органдары араласады. Мысалы, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мәліметінше, тиісті органдардың көмегімен жыл басында Бурабай ауданында жалпы аумағы 490 гектар болатын жайылымға арналған 11 жер телімі өңірдің мемлекеттік жер қорына қайтарылды. 

Дәл осындай жұмыстар Біржан сал ауданында да атқарылуда. Ауданның жер қорының жалпы құрылымында ауыл шаруашылығына арналған 830 мың гектар жер бар.  Жергілікті әкімдік пайдаланылмай немесе заңсыз қолданылып жатқан жер телімдерін анықтау жұмыстарын жүргізген. Аудан әкімінің айтуынша, барлық анықталған құқық бұзушылықтар Ақмола облысы бойынша жер ресуарстарын басқару департаментіне жолданды. Өткен жылы өңірде  аталған департамент 31 нысанға тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 18-нен құқық бұзушылық фактілері анықталған. Ауыл шаруашылығы субъектілеріне Қазақстан Республикасының жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды бір жыл мерзімге жою жөнінде нұсқама берілді және салықтың базалық мөлшерлемесін 20 есеге арттыру бойынша мемлекеттік кірістер органдарына материалдар жолданды.

 Ақмола облысындағы жайылым тапшылығы мәселесін күн тәртібінен түбегейлі алып тастау үшін пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау және қайтару жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бермек.