Алматыдағы сауданы дамыту мақсатында Алатау ауданындағы әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына мониторинг жүргізілді. Өнімге 15 пайыз ғана үстемақы қосуға рұқсат берілген. Әкімдік өкілдері Алматының Алатау ауданындағы әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына мониторинг жүргізді. Олар жергілікті тұрғындар көп келетін дүкендер мен көтерме сауда орындарын аралады, – деп хабарлайды Paryz.kz.
Айта кетсек, кәсіпкерлер мен саудагерлердің халық жиі тұтынатын нан, сүт, ұн, күріш, пияз,картоп сынды азық-түлік құнына 15 пайыздан артық қосып сатуына болмайды.
Түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Өнімге 15 пайыз ғана үстемақы қосуға рұқсат берілген. Ал артық қосқан жағдайда, бағаны суретке түсіріп, Сауда департаментіне жібереміз. Олар бірінші түсіндіреді. Қайта құқық бұзылса, айыппұл салады, – деді Алатау ауданы әкімі аппараты Кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту жөніндегі бөлімінің бас маманы Азамат Қасенов.
Мониторинг кезінде саудагерлер дүкен сөресіне қоятын кейбір тауарды базардан алатыны анықталды. Соның салдарынан кәсіпкер тауарды қандай бағада алғаны, оған қанша пайыз қосып сатып жатқаны белгісіз. Ал дүкен иелері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құнын барынша төмен ұсынамыз деп сендірді.
Тауарды «оптовкадан» аламыз, бағасын тексере алмаймыз. Оның тауарды қаншадан алып жатқанын білмейміз. Айтқан бағасын төлеп, үстіне пайыз қосып, сатамыз, – деді кәсіпкер Айдос Көккөзев.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында Сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жобасы қаралған. ҚР сауда және интеграция министрлігінің мәлімдеуінше, 2019 жылдың қорытындысы бойынша саудадан түсетін экономикалық әсер ЖІӨ құрылымында 17%-дық, ал нақты өсімде 7,6%-дық үлесті құрады.
Бұл экономикалық қызметтердің барлық түрлерінің арасында көлемі жағынан екініші көрсеткіш, құрылыс саласымен қатар өнеркәсіп және ауыл шаруашылығының дамуынан алда. Саланың әлеуметтік әсері орташа жалақысы 187 мың теңгеден асатын 1,5 млн жуық адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етуде.
Жалпы ішкі саудада бүгінгі күні үш түйінді проблема бар. Бұл саланың тиімді дамуына кедергі келтіретін 3 тапшылық: біріншісі, заманауи сауда форматтарының аздығы; екіншісі, сауда алаңдарының жетіспеушілігі; үшіншісі, тиімді қойма орындарының шектеулігі.