Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Қуғын-сүргін құрбандары ақталады

2023 жылдың басында Жетісу облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ақталмаған санаттарын анықтау жөнінде жұмыс тобы құрылды. Олар босқындық мәселесін зерттеп, тарихи деректерге сүйеніп ғылыми зерттеумен айналысуда, деп хабарлайды Paryz.kz.

Қуғын-сүргін құрбандары ақталады
Фото: ашық дереккөз

Кеңес одағы кезінде көзі ашық адамдарды құдалау, байларды жаппай  кәмпескелеу, қолдан жасалған ашаршылық қазақ халқына ауыр тиді. Соның салдарынан Қытайға, Түркістан АКСР-і құрамындағы Сырдария, Амудария, Самарқанд, Ферғана облыстарына көп адам босып кетті.  Ал, олардың саны әлі күнге дейін нақтыланбады.

Осы орайда өңірлік жұмыс тобы зерттей келе екі бірдей кітап дайындады. Оның құндылығы сол – осы өңірдегі босқындық мәселесінің себеп-салдары мен оның зардабын көптің қолына түсе бермейтін архив құжаттары арқылы дәлелдеу.  

Жалпы, жинаққа 152 құжат топтастырылса, соның 98-і (64%) араб харпінде сақталған құжаттар. Бұл құжаттарды аударып, кириллица қаріпіне көшіріп, жинаққа енгізуге  атсалысқан өңірлік жұмыс тобының мүшесі Қажет Андас:

Жаңадан құрылған жұмыс тобы Кеңес одағы орнаған соң 1917 жылы шетелге кеткен босқындар туралыкөп ізденді. Біздің байқағанымыз Алаш арыстарының тікелей араласуымен оларды елге қайтарудың да қамы жасалған екен. Бұл бастама 1926 жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 10 жылдығына дейінгі аралықта атқарылды, – деді.

Айталық, Жетісу облыстық қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жұмыс тобы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек қолжазбалар қорындағы (Алматы қ.) «Қазақ» (Орынбор қ.), «Бірлік туы» (Ташкент қ.), «Сары арқа» (Семей қ.,) газеттері мен «Шолпан» журналындағы (Ташкент қ.) төте жазумен берілген Алаш арыстарының ой-пікірі өрнектелген мақалаларды, Орталық мемлекеттік архивіндегі (Алматы қ.), Жетісу облыстық мемлекеттік архиві (Талдықорған қ.) және  Жетісу облыстық архивінің Панфилов аудандық филиалының (Жаркент қ.) қорларында сақталған босқындыққа қатысты құжаттар жинақтады.  

Анықталған құжаттар Жетісу облысындағы босқындық мәселесін зерттеуге  мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қазақ тарихындағы босқындық тақырыбын зерттеумен айналысып жүрген зерттеушілерге көмекші құрал бола алады. 

Есіңізге салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда:

Баршаңызға мәлім, қазір Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты көптеген архив материалдары зерттелуде. Бұрын халқымызға беймәлім болған тың мәліметтер жарыққа шығып жатыр, – деп атап өткен еді.

Сондықтан қуғын-сүргін құрбандарын саяси-заңдық тұрғыда толық ақтаудың маңызы жоғары. 


Автор: Мәулен Әнербай