Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Шағын және орта бизнес: Алматыда кәсіпкер саны 39 пайызға артқан

Алматы қаласында шағын және орта бизнес өкілдерінің қатары көбейді. Соңғы екі жылда іскерлер саны 39 пайызға артқан. Соның нәтижесінде биыл мемлекеттік бюджетке тек мегаполистен 3 триллион теңге көлемінде салық түсіпті. Бұдан бөлек, 750 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған, – деп хабарлайды Paryz.kz.  

Шағын және орта бизнес: Алматыда кәсіпкер саны 39 пайызға артқан
Фото: ашық дереккөз

Алматы – ел экономикасының қозғаушы драйвері. Өйткені соңғы 7 айдың ішінде республикалық қазынаға тек мегаполистен 2 триллион теңгеден аса қаражат түскен. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда екі есеге көп. Ал өндіріс пен сауда-саттық негізгі пайда көзіне айналған. Экономиканың осылай қарқынды дамуы қалада жаңа 38 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген.

Соңғы жылдары шағын және орта бизнес өкілдерінің күрт көбеюі шаһар экономикасының қарқынды дамуына ықпал еткен. Қазір қалада 380 мыңнан астам кәсіпкер бар. Мегаполистегі түрлі саладан түсетін және іскерлерді қоса алғанда, жыл басынан бері республикалық бюджетке салық 46 пайыз өсіммен төленген. Қаладағы танымал сауда, ойын-сауық орталығының әр желісі мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.  

700 жалға алушы қонақтарға қызмет көрсетіп жатыр. Ал ел бойынша сауда орталықтың желілері 7 мыңға жуық қазақстандықты жұмыспен қамтып отыр. Жалға алушылардың саны өсіп жатыр, қонақтар қатары да көбейген, – деді сауда ойын-сауық орталығының директоры Қуат Әкімбаев.

Ішкі нарықты қанағаттандыратын өндіріс, онлайн немесе қолма-қол сауда, жеткізу қызметі мен тамақтану орындары. Негізінен алматылық жастар бизнес ашуда осы салаларды көп таңдайды. Сондықтан шаһар экономикасының қан тамырына айналған бизнес өкілдерін қолдау қолға алынған. Солардың бірі – жақында ғана ашылған көпфункционалды орталық. Онда іскерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша тегін көмек көрсетіледі екен.  

800-ден астам біздің кәсіпкерлерге қызмет көрсетіледі. Оның ішінде бухгалтерия, маркетинг, заңды түрде басқа құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсетіледі. Алматы қаласы бойынша кәсіпкерлер палатасында өңірлік кеңес бар. Ол кеңесте Алматы қаласындағы кәсіпкерлерге көмек беру үшін барлық сұрақ талқыланады, – деді  «Атамекен» ҰКП Алматы қалалық өңірлік палатасының басқарушы директоры Нариман Ибрагимов.  

Қаладағы тиімді бастамаларға өзге елдердің іскерлері де көз қырын салса керек, жыл басынан бері тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 35,8 пайызға артыпты. Бұл шаһар бюджетін 2,3 миллиард долларға толтырып отыр. Мұндай өзгеріс еңбек нарығына да әсер етіп, 25 мыңнан аса адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік берген. Ал жалпы ел бойынша мемлекеттік қолдау шараларының шапағатын көргендер 120 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылған.

Бизнес өкілдеріне «Кәсіпкерлікті дамыту 2021-2025» ұлттық жобасы аясында көмек көрсетіліп жатыр. Онда ісін жаңадан бастағандарға 2,5 пайыз мөлшерлемемен, ал бар бизнесті дамыту үшін 8 пайызға дейін жеңілдетілген несие беріледі. Халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған «Бастау бизнес» жобасы сұранысқа ие. Бұл бастама арқылы кәсіпкерлер 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтеусіз грант ала алады, – деді «Атамекен» ҰКП Алматы қалалық Жетісу ауданы филиалының директоры Нұрбике Рахымова.

Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, бизнес өкілдері тарапынан көбіне субсидияға сұраныс көп. Сондай-ақ ұлттық жоба аясында кәсібін дөңгелетіп отырғандар мен жаңадан іс бастағандарға 5 миллион теңге көлемінде грант беріліп келеді. Ол үшін мемлекет соңғы 10 жылда 17,6 миллиард теңге қаражат бөлген.