Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Қайрат Құдайберген, «Дикий Арман»: Қаңтар ісі бойынша 41 айыпталушы сот залына шақырылды

Алматыда «Дикий Арман» ретінде белгілі Арман Жұмагелдиев пен қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты, кәсіпкер Қайрат Құдайбергенге қатысты алдын ала сот тыңдауы 14 қыркүйекте өтеді, деп хабарлайды Paryz.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Қайрат Құдайберген, «Дикий Арман»: Қаңтар ісі бойынша 41 айыпталушы сот залына шақырылды
коллаж: Halyq Uni

Қылмыстық іс бойынша 41 адам айыпталып отыр. Олардың арасында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бесінші департаментінің экс-бастығы Руслан Искаков, 2013 жылы «Қорғас ісі» бойынша куәгер болған Талғат Махатов, Дәстүрлі садақ ату федерациясының басшысы болған Азамат Оспанов, «Дикий Арман» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев, Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайберген бар.

Істі Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әшірбеков қарайды.

СОТТАЛУШЫЛАРҒА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛҒАН?

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бесінші департаментінің экс-бастығы Руслан Искаковқа Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы (басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтіру мақсатында билікті немесе лауазымын асыра пайдалану), 262-бабы 3-бөлігі (өзінің қызмет бабын пайдаланып, ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, соларға қатысу), 268-бабы 3-бөлігі (өзінің қызмет бабын пайдалану арқылы жасалған бандитизм), 272-бабы 1-бөлігі (күш қолдану, қиртау, өртеу, мүлікті жою, атыс қаруын, жарылғыш заттарды қолдану арқылы билік өкліне қарсылық көрсетуге ұласқан, оның ішінде шетел қаражатын пайдаланып жасалған жаппай тәртіпсіздік), 28 бабы 3-бөлігі – 125-бабы 3-бөлігі 1 және 3 тармағы (адамды ұрлауды ұйымдастыру), 28 бабы – 3-бөлігі – 126-бабы 3-бөлігі 1-тармағы (бас бостандығынан заңсыз айыруды ұйымдастыру) бойынша айып тағылған.

«Дикий Арман» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевке тағылған айып:

  • Қылмыстық кодекстің 262-бабы 1-бөлігі – Ұйымдасқан топты немесе қылмыстық ұйымды құру, сол сияқты оған немесе қылмыстық ұйымның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету;
  • 268-бабы 1-бөлігі – тұрақты қарулы топты құру арқылы және осындай топқа басшылық ету арқылы жасалған бандитизм;
  • 272-бабы 1-бөлігі – күш қолдану, қиртау, өртеу, мүлікті жою, атыс қаруын, жарылғыш заттарды қолдану арқылы билік өкліне қарсылық көрсетуге ұласқан, оның ішінде шетел қаражатын пайдаланып жасалған жаппай тәртіпсіздік;
  • 272-бабы 2-бөлігі – күш қолдану, қиртау, өртеу, мүлікті жою, атыс қаруын, жарылғыш заттарды қолдану арқылы билік өкліне қарсылық көрсетуге ұласқан, оның ішінде шетел қаражатын пайдаланып жасалған жаппай тәртіпсіздікке қатысу;
  • 28-бабы 3-бөлігі – 125 бабы 3-бөлігі 1 және 3 тармағы – адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан адамды ұрлауды ұйымдастыру;
  • 126-бабы 3-бөлігі 1-тармағы – қылмыстық топтың бас бостандығынан заңсыз айыруын ұйымдастыру;
  • 28-бабы 3-бөлігі – 194 бабы-4-бөлігі 1 және 2 тармағы – қылмыстық топтың қорқытып алуын ұйымдастыру;
  • 28-бабы 3-бөлігі – 287-бабы 5-бөлігі – Қылмыстық топтың қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүруін ұйымдастыру;
  • 28-бабы 3-бөлігі – 291 бабы-4-бөлігі 1 және 2-тармағы – адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алуды ұйымдастыру;
  • 28-бабы 3-бөлігі – 200-бабы 3-бөлігі – адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы автокөділікті жымқыруды ұйымдастыру;
  • 28 бабы 3-бөлігі – 191-бабы 4-бөлігі 1 және 2 тармағы – адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы тонауды ұйымдастыру.

Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайбергенге қылмыстық кодекстің 272-бабы 1 және 2 бөлігі (күш қолдану, қиртау, өртеу, мүлікті жою, атыс қаруын, жарылғыш заттарды қолдану арқылы билік өкліне қарсылық көрсетуге ұласқан, оның ішінде шетел қаражатын пайдаланып жасалған жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және қатысу), 126-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы адамды бас бостандығынан заңсыз айыру), 380-бабы 1-бөлігі (Билік өкілінің өз қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты не қызметтік міндеттерді орындағаны үшін одан кек алу мақсатында оған немесе оның жақындарына қатысты өлтіру, денсаулыққа зиян келтіру, мүлкін бүлдіру немесе жою арқылы қорқыту) бойынша айып тағылған.

Талғат Махатовқа тағылған айыпқа келсек, ол қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-бөлігі (күш қолдану, қиртау, өртеу, мүлікті жою, атыс қаруын, жарылғыш заттарды қолдану арқылы билік өкліне қарсылық көрсетуге ұласқан, оның ішінде шетел қаражатын пайдаланып жасалған жаппай тәртіпсіздікке қатысу), 262-бабы 2-бөлігі (ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу), 268-бабы 2-бөлігі (тұрақты қарулы топқа (бандаға) немесе ол жасап жүрген шабуылдарға қатысу), 126-бабы 3-бөлігі 1 және 3 тармағы (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы адамды бас бостандығынан заңсыз айыру) бойынша айыпталып отыр.