Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Пәтер жалдап тұрғаннан тиімді»: маман студенттердің хостелге орналасуы жайлы

Жаңа оқу жылында 24 мыңға жуық студент жатақханадан орын таба алмай жүр. Мұны Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан мәлімдеді.

«Пәтер жалдап тұрғаннан тиімді»: маман студенттердің хостелге орналасуы жайлы
фото: hostel24

Айтуынша, елімізде 600 мыңнан аса студент бар. Ішінде 124 мың студент жатақханадан орын сұраған. Жауапты ведомство 106 мың адамға орын тауып берді. Жартысы университет жатақханасына орналасты, бір бөлігі хостелде тұратын болды. Хостел бағасы – айына 30-60 мың теңге. Ведомство өкілдері мұның пәтер жалдап тұрғаннан тиімді екенін айтады.

Қазақстан бойынша 106 мың студентке жатақхана немее жекеменшікке алынған хостелдерден орын берілді. Жатақхана тапшылығы 23 мыңнан асады. Бес мың орынға университеттер хостелдермен келісімшарт жасасып жатыр. Тапшылық әлі де түседі деп ойлаймыз. Себебі оқу оқитын студенттердің далада қалмауына жағдай жасауымыз керек. Жекеменшік 182 хостел жалға алынды. Ол жерде қойылатын басты талап – жастардың қауіпсіздігі. Бұл нысандарда тек студенттер тұрады, - дейді Ақерке Абылайхан.

Алматыда 14 мың студентке, Астанада – 5 300, Солтүстік Қазақстан облысында 2 300 орын тапшы. Мегаполистерде пәтер жалдау құны – 250 мың теңге. Петропавлда орташа есеппен 150 мың теңге. Мамандардың айтуынша, солтүстік өңірде студенттердің кобеюіне шетелдік университеттің филиалы ашылғаны себеп болды.

Мәжіліс сайлауы қарсаңында Amanat партиясы жатақхана жайын сайлауалды бағдарламасына енгізді. Құжатта «Біз студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету бойынша жоғары оқу орнына қойылатын талапты арттырамыз және студенттік жатақханада тұру жағдайына үнемі мониторинг жүргізетін боламыз» деп жазылған.

Бұған дейін «Жастар рухы» жатақханалардағы тексеріс нәтижесін жариялады. Соған сәйкес 7 өңірдегі жоғары оқу орындары мен коллеждерге тиесілі жатақханалардың сапасы сын көтермейтіні анықталды. «Жастар Рухы» төрағасы Нұржан Жетпісбаев партияның 11 өңірдегі 237 жатақхананы тексергенін айтты.

«Біз тексерген 70 жатақхананың жағдайын жақсы деп айтуға болады. 39 нысанның жағдайы орташа, 2 жатақханада құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр. Коллеждерге тоқталсақ, жалпы 126 жатақхананың 75-інің жағдайы жақсы, 36 нысанның жағдайы орташа, 13 ғимараттың жағдайы нашар, 2 жатақханада тұру мүмкін емес», - деді ол.

Мониторинг барысында 11 жатақханада санитарлық және қауіпсіздік нормаларының сақталмағаны, су крандарының жұмыс істемейтіні, оқу залдарының тиісті мақсатта пайдаланылмайтыны, студенттердің бос уақытын тиімді өткізуге арналған орындардың болмайтыны анықталған.

Айтуынша, кей өңірде 1930 жылы салынған жатақханалар бар.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев қазір Алматыдағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде мәселе туындап отырғанын мәлімдеді.

Ол жоғары оқу орнының ректоры да, жауапты ведомство да кейінгі үш жылда жатақхана салмаған. Ол жердегі ең жаңа жатақхана 1958 жилых салынған. Оқып жатқан студенттердің саны 15 мыңға жуықтайды. Жатақханалық фонд соның 10 пайызына ғана жетеді. Бұл университетке жастар ауылдан педагогикалық білім алуға келеді. Биылдың өзінде 10 мың орынға арналған жатақхананы тапсыра алмау қаупі бар. Қазірге дейін 2 жарым мың орын берілді. Жыл соңына дейін бұл он мыңға жетуі керек. Бұл бойынша премьер-министрдің атына сауал жолдадық, - деді мәжіліс депутаты.

Бейсенбаевтың айтуынша, бұл мәселені шешуге министрліктің қауқары жетпей тұр.

«Министрлік тарапынан өте әлсіз, тұралап тұрған жұмыс бар. Үкімет мүшелеріне мұны айттық. Жатақхана – әлеуметтік нысан. Студентті қолдау – мемлекеттің басты әлеуметтік міндеті. Елімізде бір миллионнан аса студент бар. Олар елімізде қандай да бір қолдауды көрмесе, жыраққа барып оқуға дайын. Қандай да бір ректорлар тыңғылықты айналысып, мәселесін шеше алмаса оларды жаппай босату керек», - дейді депутат.