Алматы қаласында салмағы 6 келіден асатын ұл бала дүниеге келді, деп хабарлайды Paryz.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Нәресте №5 қалалық перзентханасында өмірге келді. Салмағы 6 кг 300 грамм нәрестені дәрігерлер кесарь тілігін жасап алды.
«Жүкті әйел перзентханаға толғатып түсті, қабылдау кезінде ультрадыбыстық зерттеу баланың салмағы 4 кг 800 грамм екенін көрсетті. бұл ультрадыбыстық зерттеу кезінде баланың салмағы бастың бипариетальды өлшеміне және құйрық-париетальді өлшеміне байланысты есептеледі»,- деді Жаңа туған нәресте бөлімшесінің меңгерушісі Сәуле Кененбаева.
Айтуынша, операция сәтті өтті.
«Салмағы 6300 грамм болатын сәби - біздің перзентханада дүниеге келген ең алып бала. Босану операциялық әдіспен жүзеге асырылды. Операция сәтті өтті. Бәрі жақсы аяқталды. Ана мен оның ұлы сау. Бұл отбасындағы үшінші бала», - деп түсіндірді дәрігер.
Маман атап өткендей, төрт келіден асатын балалар үлкен болып саналады, ал 5 кг асатын нәресте алып деп аталады.
«Қазір анасы мен баласы перзентхананың медицина қызметкерлерінің тәулік бойы бақылауында және жақын арада перзентханадан шығуға дайындалып жатыр», - деді дәрігер.