Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

«Көпқабатты үйлерді салуға рұқсат бермеу керек»: Асхат Аймағамбетов астанадағы үш ауысымды мектептер жайлы

Астаналық мектептің бірінде тапталып қала жаздаған оқушыларға қатысты AMANAT партиясынан сайланған депутат Асхат Аймағамбетов пікірін айтты, деп хабарлады Paryz.kz.

«Көпқабатты үйлерді салуға рұқсат бермеу керек»: Асхат Аймағамбетов астанадағы үш ауысымды мектептер жайлы
Фото: видеодан скриншот

«Мұндай мәселер болғанда ең алдымен нені ескеруіміз керек? Үлкен қалаларды салғанда көптеген көпқабатты үй тұрғызылады. Егер әлеуметтік инфрақұрылым болмаса, онда көпқабатты үйлерді салуға рұқсат берілмеуі керек. Бізде жақсы мектептер салынады. Оларды салғанда алдында қанша үйге қанша мектеп керегін болжайды. Бірақ салынған мектеп заң бойынша бірауысымда жұмыс істеуі керек», - деді депутат.

Оның айтуынша, мектептің жанына 5-6 көпқабатты үй салынғаннан кейін ол бір жылдың ішінде үшауысымды болып кетеді.

«Мұндай үш ауысымды мектептерде сапалы білім беру мүмкін емес. Сол себепті депутат ретінде тиісті норманы заңға енгізіп жатырмыз. Мысалы, көпқабатты үйді салар кезде бірінші кезде әлеуметтік инфрақұрылым болу керегі. Егер ол жеткіліксіз деңгейде болса, онда көпқабатты үйлерді салуға рұқсат берілмеуі керек. Міне, осындай норма болмағандықтан үлкен мегаполистерді сондай үйлерді  салуға рұқсатты беріп жатыр», - деп айтты Асхат Аймағамбетов.

Ол депутаттар рұқсат бермеу нормасын енгізу бойынша жұмыс істеп жатқанын қоса кетті. Бұл жүйелі шешім болады.

Еске салсақ, осыған дейін елордалық мектептердің бірінде жүзден астам оқушы тапталып қала жаздаған видео тарады. Видеода жүзден астам бала мектеп дәлізіне жиналып қалған. Оқушылар бір-бірін итеріп, қысып тастаған. Балалардың не деп жатқанын естіп-білу мүмкін емес, бірақ ересектер оларға жағдайды түсіндіруге тырысып жатқанын көруге болады.