Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Ерейментауда 20 мың ірі қараны бордақылайтын агрокешен ашылады

Ерейментауда 20 мың ірі қараны бордақылайтын агрокешен ашылмақ. Құрылысы 3  жылға жоспарланған  жобаны испаниялық компания қаржыландырған, деп хабарлайды Paryz.kz.

Ерейментауда 20 мың ірі қараны бордақылайтын агрокешен ашылады
фото: “Big Farm” ЖШС

Жеке кәсіпкер, «BIG FARM» жауапкершілігі шектеулі серіктестік  басшысы Әбуов Оралбайдың айтуынша,  шетелдік инвесторларды тарта отырып, жобаны қаржылық қамтамасыз ету мәселесі пысықталды. Кешенді салуға 60 млрд-қа жуық ақша жұмсалады. Қаржының бір бөлігі испандық компанияларды корпоративтік интернационалдандыру  қорынан несиеге алынған. 

Жаңа жобаны тек үш жылдан кейін іске қосу жоспарланып отыр. Әзірге құрылысы басталған жоқ. Қазір тек макеті жасалып, құжаттамалық жұмыстары жүргізілуде. Жоба  іске қосылса,  420 адам еңбекпен қамтылады. Құрылысының өзіне 300-ге жуық адамды тарту көзделіп отыр. 

Жоба 2021 жылдың ақпан айында Кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілдлі. Жобада гидропоника өнімдерін шығаратын бордақылау алаңының құрылысы қарастырылған. Жайылымдық жер сол алаңнан басқа маңда  қарастырылады. Кейін төлдер жем-шөп дайындалатын алаңға жеткізіледі. Онда сою алдында 1,5 жылға дейін гидропоникалық әдіспен бордақыланады. Яғни, аталған әдісті қолдану арқылы шырынды мал азығы дайындалады. Бұл дегеніміз 2 килограм астық дәнін сеуіп, 7 күнде 12 килограм шырынды мал азығын алуға болады деген сөз. Мұндай жаңа әдістің тиімділігі көп.

Мамандардың айтуынша, гидропоника, яғни өсімдіктерді топырақсыз жасанды ортада өсіру жер тапшы немесе климаты қаталдау өңірлерге таптырмайтын әдіс. Ол тек мал бордақылау шарашылығына ғана емес, сүт фермаларына да тиімді. Мұндай әдісті құс пен балық өсіретіндер де қолданады. 
Қазіргі шаруа қожалықтарының иелері заманауаи әдістерді барынша меңгеріп, жұмысын алға ілгерілетуді көздейді. Оралбай Әскерғалиұлы - солардың бірі.

Сондай бір керемет дүние ашқалы жатырмын деп айтпаймын. Кәдімгі мал бордақылайтын алаң. Тек өз кәсібің болғандықтан, оны жан-жақты дамытып, заман талабына сай жұмыс істегің келеді. Сондықтан мемлекетке алақан жайып отырмай, демеушілерді жан-жақтан іздедім. Шет елдік инвестор тауып, енді міне, алдағы уақытта жобамыздың құрылысын бастаймыз деп отырмыз»,-дейді «BIG FARM»жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшысы Әбуов Оралбай.

Айтуынша, ішкі және сыртқы нарықты теңдей ұстамақ. Яғни, 50 пайыз өнім өз мемлекетімізде қалса, қалғанын Европа, Россия, Қытай елдеріне жібермек. Сөйтіп, сауда жасайтын аудиториясын кеңейте береді.

Асыл тұқымды ірі қараны Канададан алдырамыз. Нақтырақ айтар болсақ, герефорт және ангус тұқымдарын көздеп отырмыз. Олар әлемде ең көп таралған ірі қараның бірі, жоғары өнімді ет тұқымы. Ал жеп-шөп осы Қазақстанда дайындалады», - деп жоспарларымен бөлісті  серіктестік иесі. 

Ангус және герефорт тұқымдары елімізде кеңінен таралған. Барлық шаруалар осы екеуіне басымдық береді. Герефорд тұқымында малдың ет өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін көптеген ерекше қасиеттер бар. Себебі, еті жоғары сапалы, малдары жуас, сондықтан фермерлерге оны баптап күту оңай. Сондай-ақ, олардың репродуктивті қасиеттері жақсы дамыған.

Яғни, олардың ұрпақтары да дәл өздеріндей болады. Әрі бұл тұқымды малдар жердің кез-келген табиғи жағдайларына және климаттық ерекшеліктеріне тез бейімделеді. Олар ыстық климатқа да, салқынға да шыдайды. Бұл солтүстік өңір шаруалары үшін әсіресе қолайлы.  Оларды бордақылау да тиімді. Жайылымда жүріп те, бір орында тұрып та бордақылау арқылы көп салмақ жинай алады. Герефордтар жемшөпті жегеніне қарай берер өнімділігі де жоғары. Тезірек салмақ жинайды. Ал асыл тұқымды ірі қара тобына жататын ангус сиыры Шотландияның солтүстік-шығысындағы абердин және ангус елді мекендеріндегі жергілікті малдың қоспасынан шыққан етті мал. 

Серіктестік басшысы Оралбай Әскерғалиұлы осындай асыл тұқымдарды гидропоника әдісімен бордақыламақ.

Мысалы, қараңыз. сіздің шаруашылығыңызда 100 сиыр бар деп ойлайық.  Осыншама малды асырап, жемшөппен қамтамасыз ету үшін көп жер қажет. Ал әкімдіктің жер қорында беретін жайылым жоқ. Сонда кәсіпті қалай дамытуға болады? Гидропонды технология осы проблеманы оңтайлы шешу үшін қажет. Осындай жолмен өсірілген «жасыл жемде» малдың салмақ қосуына, құнарлы сүт беруіне қажетті дәрумендердің барлығы кездеседі», - дейді агрокешен жетекшісі. 

Осылайша «BIG FARM»жауапкершілігі шектеулі серіктестік  жаңа технологияның игілігін көріп, кәсібін дөңгелетпек.

Автор: Айгүл Мырзағалиқызы