Білім беру ошақтарында 2023-2024 оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Сөз соңында оқу жылының 36 аптаға дейін ұзартылуына қатысты өз пікірімді білдірсем деймін. Бұл мәселеге қатысты қоғамда сын көп болып, педагогтар қауымдастығы тарапынан ұсыныстар болды. Бұл әлемдік тәжірибе екендігін мойындауымыз қажет. Дегенмен, мұндай жаңашылдықты енгізген кезде барынша тыңғылықты дайындық қажет етіледі. Министрліктің шешімі дұрыс болды деп санаймын. Бірақ, асығыстық болды. Осыған орай осы оқу жылында 34 апталық оқу ұзақтығына оралып, сабақты 25 мамырда аяқтау дұрыс деп есептеймін», - деді Тамара Дүйсенова білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, алдағы оқу жылы ішінде қажетті дайындық жұмыстарын жүргізіп, оқу бағдарламасын бейімдеу керек және 36 апталық оқу ұзақтығына оралу мәселесін 2025 жылдан бастап қайта пысықтаған дұрыс.
Еске салайық, былтыр оқу жылын 31 мамырда аяқтау туралы шешім қабылданған болатын. 2022-2023 оқу жылында алғаш рет оқушылар мамыр айының соңына дейін мектепте білім алды. 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болғандықтан, Қазақстан мектептері соңғы қоңырауды 1 маусымда соқты. Экс Білім министрі Асхат Аймағамбетов бұл өзгерісті оқушылар жүктемесін азайтумен түсіндірген болатын.