Бұл туралы «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында өтіп жатқан тамыз кеңесінде айтылды, деп хабарлайды Paryz.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.
«Жаңа ұрпақ» мектебінің басшысы Асхат Абжанов заманауи отбасыларда қандай проблемалар бар екеніне тоқталып өтті.
Ең алдымен біз тап болған мәселелердің бірі – ажырасу. Біз кездесетін балалар жылап, ажырасудың басты себебі баланың сабақты жақсы оқымай, өзін тәрбиесіз ұстауында деп ойлайды. Осындай ойлардан кейін балада «травма» (жара) пайда болады, - деді спикер.
Сөзінше, 2022 жылға дейін Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде 7-орында тұрған болатын.
БҰҰ-ның дерегіне сәйкес, 2022 жылы біз әлемде 2-орынға шықтық. Яғни Қазақстан ажырасу бойынша әлемде 2-орында. Егер осылай жалғаса берсе, онда еліміз бірнеше жылдан кейін әлемде ажырасу бойынша нөмірі бірінші елге айналуы мүмкін, - деді коуч.
Асхат Әбжанов еліміз жасөспірімдер арасында суицид көрсеткіші бойынша да алдыңғы қатарлы үштікте екенімізді қоса кетті.
Бұл біздің отбасымызда бәрі дұрыс емес екенін көрсетіп отыр. Суицид, ажырасу, отбасылық зорлық-зомбылық қазақтілді де, орыстілді де отбасыда болады, - деп айтты Асхат Әбжанов.