Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Ұңғыма қазуға бәленбай миллион жұмсады: Бөгендіктер ауыз судан тарығып отыр

Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Бөген ауылының тұрғындары бірнеше су ұңғымасы жұмыс істемей тұрғанын, сонымен қатар маңайда жайылым жер жоқ екенін айтып шағымданды. Sputnik Қазақстан тілшісі Бөгендегі мәселенің мән-жайын білді.

Ұңғыма қазуға бәленбай миллион жұмсады: Бөгендіктер ауыз судан тарығып отыр
© Sputnik / Айдана Дайырова

Күн жыли бастаса болды бөгендіктерден маза кетеді. Өйткені ауыл ауыз суға жарымай қалады.

"Бәленбай миллион жұмсап, су ұңғымаларын қазған. Бірақ біреуі де жұмыс істемейді. Су жоқ, жұмыс істетпесе ол ұңғымаларды несіне қазды", - дейді тұрғындар.

Бөгендіктердің айтуынша, ауылда жайылым жер қалмаған.

"Мына ауылдағы басшысы да, басқасы да бір-бірімен туыс адамдар. Бас көтеріп жайылым жерді айтатын адам қалмады. Туысқан болғандықтан бұл мәселе жабу астында қалып отыр. Салдарынан кейбір тұрғындар жайылым жерсіз отыр", - дейді Sputnik Қазақстаннан көмек сұраған ауылдықтар.

Бөгендіктер ауыз судан тарығып отыр - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.08.2023

Бөген ауылында 1100 гектар ортақ жайылым бар

Жалпы Бөген ауылында 1100 гектар ортақ жайылым бар. 700 гектары ауылдың сол жағында, ал қалғаны оң жағында орналасқан.

"Осы уақытқа дейін жайылым жер жоқ деп шағым айтқан ешкім болмады. Барлығының малына жеткілікті жер бар. Ауыл тұрғындарының бұлай неге шағымданғанын білмеймін. Қазіргі күні барлық жайылым жер ауыл тұрғындарын толық қамтамасыз ете алады", - дейді Бөген ауылының әкімі Дінмұхаммед Қаныбеков.

Ал қаңсып тұрған 44 су ұңғымасының мәселесі 10 жылға жуық шешілмей келеді.

"Су ұңғымалары Кеңес үкіметі тұсынан бері келеді. Бұл "Қазсушар" РМК қарамағында, яғни мемлекет меншігіндегі ұңғымалар. 2014 жылы қайтадан қалпына келтіру үшін жөндеу жасалған. Екі жыл бойы қайта жөнделіп, 2016 жылы мердігер мекеме " Қазсушарға" тапсырды. Содан бері ешбір қаражат бөлінген жоқ. Негізі жылына су ұңғымаларын жарақтандыру үшін шамамен 160 млн теңге қаражат бөліну керек", - дейді "Қазсушар" РМК Түркістан филиалы Ордабасы өндірістік бөлімше басшысы Мағжан Әмзебай.

Жергілікті жауапты мамандар тозып жатқан дүниені айтып, хат толтырумен ғана отыр.

"Су жоқ, халық расымен қиналып жатыр. Біз учаске жұмысшысы болған соң тозып жатыр, істен шықты деп хат жазамыз. Ешкім келмейді де, қарап көрмейді. Су ұңғымаларына қаражат сұрап, ауыл, аудан тіпті облыс әкімі де "Қазсушар" РМК-ге хатпен шығады. "Қазсушар" қаржы министрлігінен ақша сұрадық, қаражат бөлінбеді деп жауап береді. Осылайша 44 су ұңғымасы іске жарамай жатыр. Жылына есеп бойынша шамамен 160 млн бөліну керек", - дейді Мағжан Әмзебай.