Алматы қаласында ұлты белгісіз келімсектер өріп жүр. Қол жаятындардан мезі болған тұрғындар Sputnik Қазақстанға хабарласты.
Олар әр бұрышта отыратын қаңғыбастардан бөлек, таң қылаң бергеннен ел ұйқыға жатқанша қайыр сұрайды. Ұлты белгісіз, кейбірі сығанбыз десе, енді бірі тәжік екенін айтады.
Тәжікстаннан келдім, бала-шағамды бағу үшін жүрмін. Ешкімге кедергі келтірмеймін, ұрлық жасамаймыз, - дейді Тахир есімді келімсек.
Қайыр сұрайтындардың дені кішкентай балалар мен әйелдер, арасында жүкті әйелдер де бар. Бірақ олардан қандай да бір жауап алу мүмкін емес, өйткені тіл түсінбейміз деп ишарат білдіреді. Ал ер адамдардан ақсақ, қоларбада отырғаны немесе таяқ пен балдаққа сүйенгені ғана болмаса, 12 мүшесі сау ер адамның қайыр сұрап жүргенін көрмейсің.
Біздің мына Бесағаш ауылы жақта өріп жүреді. Жылдан жылға көбейіп барады. Бұларды жөнге салатын не болмаса елден шығаратын заң жоқ па? Аяқ алып жүру мүмкін емес, у-шу, алақан жайып жүргізбейді, - дейді Алматы облысының тұрғыны Әмірбек Қорабаев.
Келімсегі көп Бесағаш ауылына бардық. Дәл сол күні журналистермен бірге полиция да рейдке шықты.
"Біз үнемі тексереміз. Бұлардың ер адамдары құрылыста жұмыс істейді. Бұл Бесағаштағы келімсектердің Қазақстанда болу туралы рұқсат қағаздары бар. Бірақ сонда да жиі тексереміз", - дейді Талғар АПБ ЖПҚБ УПИ полиция аға лейтенанты Дәуіт Ержанұлы.
Ал есімін жасырған келімсектің айтуынша, қайыр сұрау –атадан қалған дәстүр. Яғни қалыпты жағдай, еш арланбайды.
"Ер адамдар да жұмыс істейді, бірақ көбіне көшеде әйелдер, бала-шаға жүреді. Ата-дәстүрімізден осылай келе жатыр. Негізі балалары мен әйелі күйеуінің жағдайын жасап бағу керек", - дейді отағасы.
Рейд кезінде бір бөлмеде шиеттей балалармен қамалып отырған әйелді көрдік. Ешбір тіл түсінбейді. Кішкентай қызының айтуынша, әкесі жұмыста, бірақ қай жерде жұмыс істейтінін білмейді.
Фарух есімді азаматтың Қазақстанда болуға рұқсат құжаты бар, бірақ қыркүйек айына дейін ғана жарамды.
"Бес балам бар, құжаттымыз түгел. Осы жақта жұмыс істеймін. Белімді зақымдап алып, біраз ауырып жатып қалдым. Жұмыстан қалып көрмедім. Жалпы Қазақстанда жүргеніме 26 жыл болды, "Барахолкада" жұмыс істеймін", - дейді Фарух.
"Талай жылдан бері менің үйімде пәтер жалдап тұрады. Туыстардай араласып келеміз. Ешқашан тәртіп бұзып, мазамызды алған емес. Пәтерақысын да уақытылы төлеп тұрады", - дейді Фарухқа пәтерін жалға берген Әсел Барабаева.
Жалпы қандай заңды құжаты болса да көшеде қайыр сұрауға болмайды.
"Жалпы заңды түрде рұқсат етілмейді. Қайыр сұрайтындарға арнайы бап бар. Бізде өкінішке қарай, қарт кісілер қайыр сұрап отырады. Оларға барып, қуып жіберуге полицияның да дәті бармайды. Өйткені жанымыз ашиды. Тиын-тебен нәпақасын тауып, нанын жеп отыр ғой", - дейді Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ернар Сайдилдин.
© Sputnik / Айдана Дайырова
Тәжікстаннан келіп, Қазақстанда алақан жаятындар қаңырап бос қалған немесе ақысы төмен үйді жалдап тұра береді. Материалдық жағдай туралы да еш бас қатырмайды.
Ал құжаты жоқ қайыршылар полиция бөліміне жеткізіледі.
Жалпы, Алматы облысындағы келімсектер туралы нақты ақпарат жоқ. Көші-қон полициясынан қандай да бір дерек ала алмадық.