Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Ақмола облысында 250 жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады

Биыл Ақмола облысында «Ауыл  аманаты»  бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда 250 жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл мақсатқа 1 млрд. 200 млн. теңге бөлінді, деп хабарлайды Paryz.kz.

Ақмола облысында 250 жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады
Фото: qazaly.kz

Несие пайызы өзге бағдарламаларға қарағанда  әлдеқайда төмен – 2,5 %.  Несие мерзімі – 5 жыл. Орташа несие 4,8 млн. теңгені құрайды. Осылайша өңірде 265 жаңа жұмыс орны пайда болмақ. 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  қаңтар айындағы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен оның қосылған құнын арттыру, кооперативтерді дамыту стратегиялық міндет екенін атап өткен еді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы шалғай елді мекендердегі жұмыссыз отырған тұрғындарға  кәсіп бастап, нәпақа табуға жақсы мүмкіндік сыйлайды. Бағдарлама 2025 жылға дейін жалғасады. Басты мақсат – жұмыссыздықты жою, ауыл халқын жеке кәсіп ашу арқылы табыс табуға шақыру, қолдау көрсету.

Айта кетейік, Ақмола облысында жобаны «Көкше» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы»  акционерлік  қоғамы  қаржыландырады. Сондай-ақ  корпорация шаруа қожалықтарының жұмысын үйлестіріп, қолдау көрсетіп отырмақ.

Бағдарламаның тағы бір тиімділігі - ауылшаруашылық техникасын алуға лизинг беру қарастырылған. Кооперативтер үшін инвестициялық субсидиялар бөлу тағы бар. Одан қалды агроөнеркәсіп саласында кәсіби біліктілігі мол мамандардан тегін кеңестер беріледі.
Жобаның игілігін көріп, шағын бизнеспен айналысамын дегендердің бірі – Замира Алтыбаева.  Ол  Атбасар  ауданы Есенгелді ауылының тұрғыны.

«Жолдасыммен ақылдасып, мал шаруашылығымен айналыссақ деп шештік. Осы ретте «Ауыл аманаты» жобасы жайында естіп, бағымызды сынап көрейік дедік. Қазір ауылдарда шаруа қожалығын ашып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар көп қой. Бұл жобаның тиімділігі де сол – біз сияқты жұмыссыз отырған қарапайым тұрғындардың еңбек етіп, дамуына үлкен мүмкіндік береді. Жобаға алғысым шексіз», - дейді ол. 

Бүгінде Замира барлық қажетті құжаттарын жинап, өтінішін берді. Бағдарлама талаптарын толық орындаған соң  8 млн. 600 мың. теңге көлемінде несие алмақ. Сосын үйір жылқы алып, кәсібін  бастайды. 
Облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасы басшылығының айтуынша, бағдарламаны ойдағыдай жүзеге асыру үшін барлық ұйымдастыру шаралары қолға алынған. Әр ауданда әлеуетті қарыз алушылардың несиелік құжаттарын іріктеп, әрі қарай уәкілетті агентке қарауға ұсыну үшін дайындайтын жұмыс топтары құрылыпты. Бүгінде олар өз жұмысын жалғастыруда. 

Несиелеу ауыл шаруашылығы өндірісінің барлық дерлік салаларын – етті-сүтті мал шаруашылығын, жылқы, қой,  құс шаруашылықтарын  дамыту, картоп пен көкөніс өсіруді қамтитын болады.

«Жалпы, мал шаруашылығы саласын дамытуға 650 млн теңге сомасында 135 несие, өсімдік шаруашылығы саласына 270 млн теңгеге 55 несие, техника мен құрал-жабдықтар сатып алу үшін 215 млн теңге көлемінде  45 несие, ауыл шаруашылығынан басқа кәсіпкерлікке 65 млн. теңге көлемінде 15 несие беріледі деп болжап отырмыз», - дейді  Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Итқұсов Қасым Латыпұлы. 

Ағымдағы жылдың маусым айының ортасынан бастап «Көкше» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы уәкілетті агенті өтініш берушілердің өтініштерін қабылдауды бастады. Бүгінгі таңда уәкілетті агент өтініш берушілерден алған құжаттарды құжаттар тізбесі бойынша өңдеуде.  Несиелік комитет бекіткеннен кейін несие қаражаты қарыз алушылардың шотына аударылады.

Айта кетейік, «Аманат» партиясы маусым айына дейін өңір аудандарын аралап, «Ауыл аманаты» жобасын түсіндіріп, ақпараттық-насихаттық жұмыс жүргізді. Партияның мобильді тобы 10 күн ішінде 60-тан аса ауылдың тұрғындарымен кездесіп, жоба аясында табысты арттырудың жолдарын  атап өтті.

Айгүл Мырзағалиқызы