Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Ақмола облысында ірі қараны суықта ұстайтын ферма ашылады

Ірі қараны қыста салқын орында ұстау технологиясы Целиноград  ауданы  Мәншүк ауылында қолданылмақ. Бұл - Ақмола облысында соңғы 15 жылдағы алғашқы жоба, деп хабарлайды Paryz.kz.

Ақмола облысында ірі қараны суықта ұстайтын ферма ашылады
Фото: Айгүл Мырзағалиқызы

Мұндай заманауи әдіс өте суық аймақ болып саналатын Канада елінде бар. «Ен-Дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Тимур Пшенов 1600-дей  басқа арналған осындай сүт фермасын салуда. Құны – 4,5 млрд теңге, жалпы аумағы 24 гектар. Жылына 6000 тонна сүт беретін жаңа ғимараттың құрылысы екі жыл бұрын қолға алынған.  Жоспар бойынша келер жылдың  көктемінде іске қосылмақ. 

Әзірге 75 пайызға дайын сүт фермасы  өз жұмысын бастаса,  қырыққа жуық ауыл тұрғыны үшін бос жұмыс орны пайда болмақ. Жұмысшыларға 250.000 теңге көлемінде жалақы төленеді.  «Біздің міндет – ауылды көркейтіп, жағдайын жақсарту. Кәсіпкер ретінде өз тарапымнан ауыл халқын еңбекпен қамтып, оларды осында алып қалуды мақсат етіп отырмын. Мұнда жұмыс болмаса, бәрі қалаға ағылады. Ауылдағы тіршілікті жандандыру керек деп ойлаймын», - дейді серіктестік басшысы Тимур Амангелдіұлы.

Фото: Айгүл Мырзағалиқызы

Ферманың жұмысы толығымен автоматтандырылады. Барлық қажетті технологиялар Германиядан әкелінбек. Ферма аумағында 2 сиыр қора, 1 сауын қора, 1 сүт блогы, 1 шөп қора, 5 сиыр қора және әкімшілік кешен болады.

«Ірі қара малдың генофондын сақтау және ұтымды пайдалану ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды мәселесі. Мысалы, жануарлардың өнімділігі мен асыл тұқымдық құндылығының генетикалық әлеуетін іске асыру үшін селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстың заманауи әдістерін қолдану қажет. Сондықтан, голштин-фриз деп аталатын голландиялық асыл тұқымды ірі қара әкеліп, өсірмекпіз. Ол дүние жүзі бойынша сүттілігі жағынан бірінші орында тұр»,- дейді  «Ен-Дала»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Тимур Пшенов.  

Сүт фермасы 80 шақырымдай жерде орналасқан Астананың 1 млн 300 мың тұрғынын қамтамасыз етпек.  Сүт бағасы нарықтағы бағадан әлдеқайда төмендетілуі де мүмкін. Өйткені сүт фермасының ерекшелігі сол – шығынды көп қажет етпейді.  Малды суықта ұстау жылы батыс елдерінде жиі кездеседі. Малды батыстық технологиямен суықта ұстаудың өз артықшылықтары бар дейді серіктестік басшысы. Мәселен, суыққа үйренген бұзаулар сау болып өседі, осы технологиямен өсірілетін сауын сиыр басқаларға қарағанда 20 пайызға артық сүт береді, электр энергиясы үнемделеді. Ірі қара тоңған жағдайда,  ферма иесі жылытқыштарды қоса алады.  Сиырды суықта ұстаудың тағы бір артықшылығы – тазалық.

Ірі қараны суықта ұстауға арналған заманауи сиыр қоралардың құрылысы да  басқаша. Ғимарат қораның бойлық қабырғасы аймақтағы желдің негізгі бағытына перпендикуляр болатындай етіп орналастырылады.  Бұл жағында кем дегенде 1,5 м биіктікте карниздерде жарықтар және қабырғадағы саңылаулар жасалады. Қарама-қарсы жақта, шатырдың астында ұзақ саңылау қалады, ол арқылы жылы ауа шығады. Бұл жақсы желдетуді қамтамасыз етеді және желден, жауын-шашыннан қорғайды.

Айта кетейік, Ақмола облысында ірі қараны суықта ұстайтын алғашқы ферма 2008 жылы Родина ауылында салынған. 

Айгүл Мырзағалиқызы