Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Аптап ыстық адам психикасына әсер етеді

Шілденің шіліңгір ыстығы тұрғындардың психикалық денсаулығына әсер етеді. Бұл туралы Алматы қаласының бас психиатры айтты, деп хабарлайды Paryz.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Аптап ыстық адам психикасына әсер етеді
Фото: inform. kz

Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев қатты ыстықта сіркесі су көтермей, әлсіздік, ұйқысыздық қалжыратып, мінез-құлқында өзгерістер сыр берген алматылықтарды медициналық көмекке жүгінуге шақырды. Оның айтуынша, аптап ыстық адам ағзасында гормональды өзгерістердің пайда болуына түрткі болады. Мұның нәтижесінде ағзада дофамин, адреналин, кортизол, серотонин көп бөлінеді. «Бұған қоса, бүкіл дүниені тұмшалап тастағандай қапырықта ұйқы бұзылады, жұмыс істеуге зауқы болмайды. Көңіл күйі тез құбылып, күйзеліске түсіп кетуі әбден мүмкін. Ми қызметінің жұмысы нашарлайды. Күн райының қолайсыздығынан адамдардың эмоциясын басқару мүмкіндігі тежеледі. Ашуланшақ, агрессиялық мінездің аяқ астынан пайда болуы да ғажап емес. Дегбірсіз күй, әлсіздік, тәбеттің болмауы психологиялық жағдайға әсер етеді», - дейді орталық директоры.

Маманның айтуынша, ыстық күнде өзіңізді қорғау үшін қарапайым ережелерді сақтау керек.

«Күн көзінен бой тасалап, сұйықтықты көп ішіп, салқын жерде демалу керек. Алкогольді өнімдерді тұтынбаған абзал. Аптап кезде психикалық ауруға шалдыққан науқастардың да денсаулығы сыр беруі мүмкін», - дейді орталық басшысы.