Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Енді Қазақстанда ең төменгі жалақы жаңаша есептеледі

Енді ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалады, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Енді Қазақстанда ең төменгі жалақы жаңаша есептеледі
© Sputnik / Владислав Воднев

Мүдделі мемлекеттік органдар әдістеме жобасын келіскен. Қазіргі уақытта Еңбек кодексіне енгізілетін түзетулер келісу үшін президент әкімшілігіне жіберілді, мақұлданғаннан кейін заңнамаға тиісті өзгерістерді іске асыру басталады.

Қазақстанда ең төменгі жалақы ең төменгі әлеуметтік стандарттарға жатады және жыл сайын "Республикалық бюджет туралы" заңмен белгіленеді. Ең төменгі жалақы қосымша төлемдер мен жәрдемақыларды, өтемақы мен әлеуметтік төлемдерді, сыйлықақыларды және басқа ынталандырушы төлемдерді қамтымайды.

Елімізде 2008 жылдан 2018 жылға дейін ең төменгі жалақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінде белгіленді және жыл сайын инфляция деңгейіне индекстелді. 2019 жылы ең төменгі жалақыны 1,5 есе – 28 284 теңгеден 42 500 теңгеге дейін көтерді. Ал биыл оның мөлшері 70 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.

Халықаралық тәжірибені, сондай-ақ ел экономикасының ерекшеліктерін ескеріп, министрлік Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесіп, медианалық жалақы мен еңбек өнімділігінің арақатынасын ескеретін ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесінің жобасын әзірледі. Бұл жұмысшылардың табысы мен өндірілетін тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемі арасында нақты өзара байланыс орнатуға, сондай-ақ ЕТЖ мөлшерін Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымына жақындатуға мүмкіндік береді, - делінген хабарламада.

ЕТЖ мөлшерін анықтау үшін медианалық жалақы мен еңбек өнімділігін пайдалану жеткіліктілік пен төлем қабілеттілігі негізінде теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Әлем елдерінде ең төменгі жалақы қалай есептеледі

Халықаралық тәжірибеде ЕТЖ мөлшерін анықтаудың неғұрлым кең таралған үш тәсілі бар:

бірыңғай ұлттық ЕТЖ (Франция, Германия, Испания);

өңірлер, салалар және кәсіпорындар бойынша ЕТЖ-ның сараланған мөлшері; (Финляндия, Жапония, Бельгия);

әр түрлі санаттағы қызметкерлерге арналған ЕТЖ (Ұлыбритания, Дания).

Министрліктің ақпаратынша, бүгінгі таңда ЕТЖ Халықаралық еңбек ұйымына мүше елдердің 90%-дан астамында бар, ол оның мөлшерінің барабарлығын бағалау үшін Кейц индексін (ЕТЖ-ның медианалық жалақыға қатынасы) пайдалануды ұсынады. Кейц индексі 50% деңгейінде болуы керек. Бұл ретте әлемнің дамыған елдерінде ол шамамен 55%-ды, ал дамушы елдерде шамамен 67%-ды құрайды.