Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Алматы қалалық білім беру басқармасы: балаларға арналған жазғы лагерьлердің жұмысы жолға қойылды

Алматы қаласының білім басқармасы қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесіп барлық балалар лагерінің жұмысын тексерді. Атап айтқанда, балаларға жасалған жағдай, олардың келу бағдарламасы және т.б. Әрі жазғы кезеңде балалар демалысын ұйымдастыру мәселесі бойынша мамандандырылған балалар мекемелерінің кураторларымен бірге жұмыс күшейтілді.

Алматы қалалық білім беру басқармасы: балаларға арналған жазғы лагерьлердің жұмысы жолға қойылды
Фото: ашық дереккөз

Алматыда демалыс кезінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 3000-ға жуық бала, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 100 бала, сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қала сыртындағы лагерьлерге демалуға жіберу жоспарлануда.

Айта кетерлігі, тиісті талапқа сай емес екі лагерьдегі жағдайға байланысты білім басқармасы барлық баланы басқа екі лагерьге кезең-кезеңімен жіберу туралы шешім қабылдады. Осылайша, «Бел Ричи» ЖШС-не («Арман дала» лагері) қатысты қызмет көрсету шартын бұзу туралы шешім қабылданды, жауапсыз қызмет көрсетуші деп тану туралы талап арыз берілді. Ақша төленбеді.

Бұған қоса, қалалық білім басқармасының қызметкерлері «Тау самалы» лагеріне («Айсұлу және Т» ЖШС) балаларды кіргізбеу туралы шешім қабылдады. Лагерьге жолдың қашықтығын және балалардың ерекше білім беру қажеттілігін ескере отырып, олар Қаскелең қаласындағы жеке мектепте уақытша орналастырылды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін медициналық қызметкерлер тәулік бойы кезекшілік етеді.

«Жанұя» мамандандырылған кешенінің тәрбиеленушілері осы мектепте болған кезеңде оларға алты рет тамақтандыру, мәдени іс-шаралар және т.б. ұйымдастырылды. Айта кетейік, бұған дейін маусым – шілде айының басында «Жанұя» МК тәрбиеленушілері «Өрнек», «Юный домостроитель» қала маңындағы лагерьлерде, Алакөл көлінде демалған болатын.

Қазіргі таңда Алматы қаласының білім басқармасы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша шартта белгіленген міндеттемелердің сапасыз орындалуына байланысты «Айсұлу және Т» ЖШС-не шартты бұзу туралы ескерту жіберді.
Биыл 19 шілдеде Алматы әкімдігі БАҚ өкілдері үшін балалар лагерлері бойынша баспасөз турын ұйымдастырады.