Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Алматыда аударыспақ спортына көңіл бөліне бастады

Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен, Дүниежүзілік Аударыспақ федерациясы құрылып, өз жұмысын бастады. Он елдің өкілдері қатысқан федерацияның штаб пәтері Алматы қаласында. Дүние­жүзілік Федерацияның президенті болып ҚР Аударыспақ федерациясының президенті, «Аtasu Group» компаниясының басшысы Марат Жұман сайланды, - деп хабарлайды Paryz.kz.

Алматыда аударыспақ спортына көңіл бөліне бастады
Фото: ашық дереккөз

«Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Еліміздің ұлттық спорт тарихындағы маңызды күндердің бірі. Ұлттық спортымыз аударыспақ ойынын әлемдік дәрежеге көтерер сәт туды. Ресей, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия мемлекеттерімен бірлесе аударыспақ спортын дамытып, дүние жүзіне танытамыз. Баршаңызға белгілі, келесі жылы елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Көшпенділер ұрпағы саналатын біз бұл шараны өте жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да жіті назарында. Көшпенділер ойындарын тиісті дәрежеде өткізу мәселесінде Ұлттық спорт қауымдастығы өзіне қарасты федерациялармен бірлесе жүйелі жұмыстарды бастап кетті. Бүгінгі Дүниежүзілік Аударыспақ федерациясының құрылуы соның дәлелі деп білемін. Осы орайда, аталмыш спорттың дамуы мен өркендеуінде тынымсыз еңбек етіп жүрген ҚР Аударыспақ федерациясының президенті Марат Жұман мырзаға ерекше алғысымды білдіремін!» – деді Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Төлеубайұлы. 

Осы орайда Марат Жұман жоспарларымен бөлісіп, жауапкершіліктің екі еселенгенін айтты.

«Алматының төрінде бас қосып, аса маңызды іс-шараға жиналдық. Осы маңызды басқосуға дәстүрлі ат спортын дәріптейтін елдерден келген өкілдерге, сондай-ақ Ұлттық спорт қауымдастығына өз ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі жиынымыз қазақ елі үшін, ұлттық спортымыз үшін тарихи күн. Әлемнің алпауыт бірнеше мемлекетімен бірлесіп, ат үстіндегі күрестен Дүниежүзілік федерациясын құру арқылы ұлттық спортымызды жаһанға көрсетеміз деген жоспарымыз бар. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Болашақта Федерацияға мүше елдермен бірлесе аталған спорттың дамып, өркендеуіне күш саламыз», – деді Марат Қожаханұлы.

Ойынның негізгі ережелер қазақтың ұлттық спорты – аударыспақтан алынды. Спортшылардың салмақ дәрежелері қабылданып, алда өтетін жарыстардың күнтізбелік жоспары түзілді.

Ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөреевтің айтуынша, елімізде аударыспақпен айналысатын 5-6 мыңдай спортшы бар екен. 

«Қазақстан бойынша орта есеппен 5-6 мыңдай спортшы спорттың осы түрімен айналысады. Ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында тұрақты түрде чемпионат өтіп тұрады. 13 ұлттық спорт мектебі,  8 спорттық клуб жұмыс істейді. Жастар мен ересектер арасында өткен чемпионаттың әрқайсысына 200-ден аса спортшы қатысты. Жасөспірімдер арасындағы чемпионатымыз тамыз айында өтпек. Спортшы мен ат мәселесі аударыспақ спортында да қолға алынған. Арнайы ат дайындалады. Ұлттық ойын түрінің әдіс-айласы көп, соның негізінде арнайы жаттықтырушы мамандар жұмыс істейді. Спортшы мен ат мықты болғанда ғана жеңіске жетеді. Басқа спорт түрлеріне қарағанда, ұлттық ат спортының ерекшелігі де осыда, ойынға екі спортшы қатар шығады. Ат та спортшы іспетті. Спортшы адам да, спортшы ат та бір-бірімен байланысын түсінгенде ғана ойын өте тартысты өтеді», – деді Ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөреев.