Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

«Күдікті жазадан құтылып кетуі мүмкін»: Жаркентте кісі қолынан қаза тапқан әйелдің анасы үндеу жолдады

Жаркентте қаскөйдің қолынан қаза тапқан 42 жастағы Элеонора Зипарованың анасы күдікті жазадан құтылып кете ме деп қауіптеніп отыр, деп хабарлайды Paryz.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.  

«Күдікті жазадан құтылып кетуі мүмкін»: Жаркентте кісі қолынан қаза тапқан әйелдің анасы үндеу жолдады
Фото: видеодан скриншот

«Үйден анда-санда ғана шығатын. Денсаулығында ақауы болды, үйден аттап шықпайтын. Өте бір бала көңіл, пәк жан еді. Сол күні кешке дүкеннен тұшпара алып келемін деп шығып кетіп, содан қайтып оралмады. Түнде шықпашы далаға десем, «мама, 42 жасқа келген мені кім алады» деп әзілдейтін», - дейді Қарлығаш Зипарова.

Қарлығаш Зипарованың үш қыз, бір ұлы болған. Біраз жыл бұрын жалғыз ұлы жол апатынан қайтыс болған. Ал қызы өмірден өтерде қарт ана түс көріпті.

«Оқиға болардан 6 күн бұрын анам түсіме кіріпті. Әдемі киініп алып, мені құшақтап жұбатып жатыр. Қызымды жоқтап жыламасын дегені ме екен», - дейді көз жасы көл болған Қарлығаш апай.

Аяқ-қолы балғадай қызының мәйітін үйге әкелгенде салмағы небәрі 15 кг ғана болған. Марқұмның туыстары қызды кім өлтіргенін алдын ала білдік деп отыр.

«Күдікті жол апатынан қайтыс болған баламның досы болған. Ұлым өлгеннен кейін бір жыл келмей кетіп, бір-ақ рет келді. Бұл адам бұған дейін де қылмыстық іс бойынша тергеуде болған. Бірақ ол кезде жазаланбады. Бұл жолы да жазадан құтылып кете ме деп қорқып отырмыз», - дейді марқұмның анасы.

Күдікті деп отырған адам қара жамылған отбасының көршісі.

Еске сала кетейік, жантүршігерлік оқиға 4 шілдеде Жетісу облысының Жаркент қаласында болған. Қаскөй әйелді өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген.