Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

БҚО-да деструктивті діни ағым өкілдерінен құралған қылмыстық топ мүшелері ұсталды

Батыс Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері, қолға түсті, деп хабарлайды Paryz.kz ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

БҚО-да деструктивті діни ағым өкілдерінен құралған қылмыстық топ мүшелері ұсталды
Фото: ҰҚК

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 2023 жылғы 4 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, Батыс Қазақстан облысы порокуратурасының үйлестіруімен Алматы, Орал және Ақсай қалаларында екі қылмыстық топтың іс-әрекетінің жолын кесу бойынша бір мезгілде арнайы операция жүргізді.

Оның барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 20 мүшесі ұсталды. Оларға кісі бопсалады, бұзақылық жасады және тонады деген күдік келтіріліп отыр.

Тінту шаралары кезінде олардан атыс және суық қарулар, сондай-ақ есірткі заттары тәркіленді.

Алдын ала мәліметтер бойынша, күдіктілердің жеке бас пайдасы үшін бейбіт тұрғындарды қорқытқандары белгілі болды. Өз кезегінде жапа шеккендер физикалық зорлық-зомбылықтан қауіптеніп, ішкі істер органдарына хабар бермеген.

Аталған топтар бұрын сотталғандар және деструктивті діни ағым өкілдерінен құралған.

Қылмыстық топ мүшелері бір бірімен текетіресте болғандары және белгілі бір аймақтарда өз әмірлерін жүргізу үшін қару қолдана отырып қақтығыстарға барғандары белгілі.

«Іске асырылған шаралар өңірдегі қылмыстық ахуалдың жақсаруына ықпал етеді деп күтілуде. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда»,-делінген ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.