Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Атыраудағы балалар үйіндегі дау: Желіде тәрбиеленушінің жылаған видеосы тарады

Атырауда "Шаңырақ" балалар ауылына қатысты дау жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Paryz.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Атыраудағы балалар үйіндегі дау: Желіде тәрбиеленушінің жылаған видеосы тарады
Фото: © azh.kz

Сондай видеолардың бірі - қоғам белсендісі Нұрлан Жунасовтың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Белсендіге сұхбат берген балалар ауылының бұрынғы тәрбиеленушісі ұрып-соғу жағдайын растады.

"Бұрынғы директордың кабинетінде балаларды ұратын. Қыз балаларды жазалау мақсатында шешіндіріп, ішкиіммен ғана фойеде жүргізетін. Комиссия келетін кезде ғана таза киім кигізетін", - деген есімін жасырған сұхбат беруші.

Балалар ауылына қатысты даудың өршуіне байланысты Атырауға Президент жанындағы Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Динара Закиева келді.

Ол отбасы үлгісіндегі "Шаңырақ" балалар ауылына барып, жағдаймен танысты. Даулы жағдайға байланысты Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев пікір білдірді.

"Түйген ойым, соңғы жағдайлар ұжымда бұрын қызмет етіп кеткен жұмысшы мен бұрынғы басшы арасындағы келіспеушіліктердің нәтижесі. Салдарынан балалар зардап шегіп отыр. Екіншіден, баланы өзіне тартып, түрлі видео таратудың артында баланың құқығын шектеу мәселесі тұр. Бұл балалар мемлекеттің ерекше қорғауында болғандықтан, олардың құқығы қорғалады. Үшіншіден, "Шаңырақ" балалар ауылына жаңа директор тағайындалады. Қазіргі уақытта конкурс жарияланды. Педагогика саласында мол білімі мен тәжірибесі бар мамандарды осы конкурсқа қатысуға шақырамын", - деп жазды Жасұлан Бисембиев.

Одан бөлек, "Шаңырақ" балалар ауылындағы бейнебақылау жүйесі күшейтіліп, камералар тікелей Білім беру басқармасына қосылатыны айтылды.

Айта кетейік, жыл басында "Шаңырақ" балалар ауылы директорына қатысты даулы видеолар тарады. Онда тәрбиеленушілер "Шаңырақ" балалар ауылының директоры өздерін үнемі ұрып-соғатынын айтқан еді. Қазір Полиция департаменті іс қозғап жатыр. "Шаңырақ" балалар ауылының бұрынғы директоры Гүлсара Ботатаева бірнеше айдан бері қызметінен шеттетілді.