Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Алматыда Әмен Қайдардың 100 жылдығы атап өтілді

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «Қазақ анимация» шығармашылық бірлестігінде қазақ мультипликациясының атасы Әмен Қайдардың 100 жылдығы атап өтілді. Iс-шара барысында жұлдыздар аллеясындағы Әмен Қайдардың ескерткіш мемориалына гүл шоқтары қойылды, – деп хабарлайды Paryz.kz.

Алматыда Әмен Қайдардың 100 жылдығы атап өтілді
Фото: almaty-akshamy.kz

Жиналған қауым назарына қазақ мультпликациясының 1967 жылы жарық көрген алғашқы туындысы – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмінің  цифрландырылған нұсқасы ұсынылды. Сондай-ақ,  ҚР Мәдениет министрлігінің тапсырмасымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Әмен ағаның ғажайып бәйтерегі» атты қысқаметражды мультфильмі көрсетілді. Іс-шараға жиналған ағайындар, сонымен қатар,  Әмен Қайдардың жеке заттары қойылған, мемлекеттік архив ұсынған арнайы көрменi тамашалады.

Әмен Қайдар есімі аталғанда ойымызға бірден «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмі оралады. Иә, біздің қазақ мультипликациясының тарихы Әмен атамыздың дәл осы фильмінен бастау алады. Мультфильм 48 елде көрсетіліп, Ленинградтағы ІІІ Бүкілодақтық кинофестивальдің лауреаты, ал 1975 жылы Нью-Йорктегі Халықаралық мультфильмдер кинофестивалінде «Қола праксиноскоп» сыйлығын жеңіп алған.

Шығармашылығын балалар әлемімен байланыстыра білген Әмен атамыздың, сондай-ақ, танымал анимациялық жұмыстары қатарында ұлтының рухани құндылықтарын арқау еткен «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр», «Күн шағылысы», «Тазша бала», «Сиқырлы кілем», «Қырық өтірік», «Ер Төстік» бар.
Қазақ анимациясының негізін қалаушы тұлға кинематографистер одағының хатшысы, кейін Суретшілер одағының төрағасы қызметін атқарды. «Құрмет белгісі», «Отан соғысы», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталды, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 3-дәрежелі «Барыс» орденінің, «Алтын Адам» сыйлығының, Тәуелсіз «Тарлан» жалпыұлттық сыйлығының иегері атанып, 2007 жылы «Экран шебері» атағын алды.

Әмен Әбжанұлы Қарағанды облысының тумасы. 40-жылдардың басында жас суретші Ұлы Отан соғысына барып, Сталинградты қорғауға және Украинаны азат етуге қатысқан. Корсун-Шевченко шайқасында ауыр жарақат алған.

Соғыстан кейін бала күнгі арманына жету үшін Қазақ мемлекеттік театр-көркемсурет училищесіне түсіп, 1946–1950 жылдар аралығында графиканы оқып шықты. Содан кейін Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтында білімін жалғастырып, қазақ киносында жаңа жанр – мультипликацияның негізін қалады. 1966 жылдан бастап ол «Қазақфильмде» мультфильмдер бөлімінің көркемдік жетекшісі болды, сол кезде алғашқы қазақ мультфильмдері дүниеге келді. «Қазақфильм» киностудиясында Ә.Қайдардың жетекшілігімен 47 фильм жарық көрді.