Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

«Халықта үй алуға мүмкіндік жоқ»: Қазақстанда соңғы 5 жылда алғаш рет тұрғын үй бағасы төмендеді

Елде тұрғын үй бағасы арзандады. Себебі сұраныс аз. Халықтың үй алуға жағдайы жоқ. Құрылысшылар да қарқынды бәсеңдеткен. Тұрғын үйге деген сұраныс азайып кетті. Өткен айдың өзінде Қазақстан бойынша 25 мың ғана пәтер сатылған. Нарықтағы ең төмен сауда-саттық Атырау, Жетісу, Маңғыстау облыстарымен, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында тіркелген, деп хабарлайды Paryz.kz Астана арнасына сілтеме жасап.

«Халықта үй алуға мүмкіндік жоқ»: Қазақстанда соңғы 5 жылда алғаш рет тұрғын үй бағасы төмендеді
Фото: azattyg. ruhy

Құрылысшылар одағының айтуынша, халықта үй алуға мүмкіндік жоқ.

 «Азаматтарымыздың мүмкіншілігі жоқ қаражаттарын жинауға. Табыстары аздау. Сондықтан ол азаматтарға мүмкіндік жасау керек. Өте төмен пайызда несиелер керек. Қазір бүкіл бағдарламалар қысқарды. Сондықтан тек қана екінші деңгейдегі банктердің бағдарламалары бар. Бірақ олардың пайыздары өте жоғары. 15-14, 16-17, 20 пайызға дейін көтеріледі», - деді Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.

Сұраныс азайғаннан кейін, 13 қалада пәтер бағасы да арзандады. Астана, Өскемен, Атырау және Алматы қалаларында пәтер құны 2 процентке дейін түсіпті. Халық үшін тиімді. Десек те, құрылыс компаниялары шығынға баттық деп отыр. Материалдардың қымбаттауы аздай, нарықтағы ахуал жығылғанға жұдырық болды дейді. Жұмысшылардың жалақасын төлей алмай қысқартып жатыр.

 «Қазір жағдай тұрақсыз. Құрылыс саласын қолдайтын елде бағдарлама жоқ. Сұранысты тұрақты ұстап тұратын ыңғайлы талаптарымен ипотекалық бағдарлама да жоқ қазір. 7-20-25-тің өзі шектелген. Ол сұраныстың жартысын да қанағаттандырмайды. Коммерциялық бағдарламалардың болмауы қазіргі нарықтағы дағдарысты ушықтырып тұр», - дейді құрылыс компаниясының директоры Вячеслав Лазарев.

Ал базардағы құрылыс заттарының бағасы өзгермеген. Цементтің құны 1200-ден 3 мың теңгеге дейін барады екен. 1200 деп тұрғанымыз ол - өзіміздің отандық, Жамбыл, Өскемен, Семейден шығарылатын цементтер, ал сапасы орташа деген 2000-дық цемент Ресейден алынады. 3000 деп тұрғанымыздың қаптамасы отандық болғанмен іші де сол Ресейден келетін цемент болып шықты. Ал кірпіштің біреуі 800 тг тұрады. Жалпы 1 үйге керек материалдың құны сол үйдің шаршы метріне қарай есептеледі.

Үйдің бағасы түссе де, материал бағасы неге арзандаймайды? Айтатын уәж біреу. «Нарық еркін» дейді. Қазір жаңа тұрғын үйдің 1 шаршы метрдің бағасы 330 мың теңге, ал екінші нарықтағы үйлердің шаршы метрі 290 мың теңге. Нарықтағы бағаның қалай құбылатынын әлі уақыт көрсетеді.