Алматыда Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевпен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды Paryz.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Марқұммен қоштасуға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Әлихан Смайылов, туған-туыстары, достары, әріптестері мен достары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Қоштасу рәсімінде сөз сөйлеген Әлихан Смайылов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқыды.
«Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың дүниеден өтуіне байланысты қайғыра көңіл айтамын. Бердібек Машбекұлы ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыройлы атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосқан еді. Мемлекетіміздің сындарлы саясатын үлкен біліктілікпен жүргізе біліп, Қазақстанның беделі мен мәртебесінің арта түсіне қажыр-қайратын жұмсады. Азаматтық қадір-қасиетімен ел ішінде құрметке бөленді. Соңына өшпес із қалдырған Бердібек Машбекұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», — делінген Мемлекет басшысының көңіл айту хатында.
Өз кезегінде Премьер-Министр Үкімет мүшелері және өзінің атынан көңіл айтты.
«Бердібек Машбекұлы өзінің еңбегімен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты. Қай қызметте болсын, халық мүддесіне бар күш-жігерін жұмсап еңбек етті. Бердібек Машбекұлының ерен еңбегі мен жарқын бейнесі халық есінде мәңгі сақталады», — деді Әлихан Смайылов.
Бердібек Сапарбаев Кеңсай зиратына жерленеді.
Еске сала кетейік, 10 маусым күні мемлекет және қоғам қайреткері Бердібек Сапарбаев 70 жасында өмірден озды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Бердібек Машбекұлы 1953 жылы 9 ақпанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Бесарық ауылында туған.
1977 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтын «Экономика және материалдық-техникалық жабдықтау» мамандығы бойынша бітірді.
Экономика ғылымдарының докторы, профессор.
Бердікбек Сапарбаев әр жылдары Қазақстанның бес облысын, яғни Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарын басқарды.
Сапарбаев екі рет Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарды.
«Құрмет» (1999), «Парасат» (2007) ордендерімен, «Астана» (1998), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» (2005) медальдарымен марапатталған.