Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Депутаттар радиациядан ластанған аумақтарды оңалту мәселесін көтерді

Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселесін көтерді, деп хабарлайды Paryz.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Депутаттар радиациядан ластанған аумақтарды оңалту мәселесін көтерді
Фото: inform. kz

«Бұл аймаққа орны толмас экологиялық залал келтірілді. Біздің алдымызда әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер бар. Біздің еліміздің аумағында полигон қызметінің нәтижесінен зардап шеккендердің саны туралы нақты дерек әлі жоқ. Түрлі ақпарат бойынша 1,5 миллионнан астам адам зардап шеккен. Полигонға жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары радиациядан болған аурулардан зардап шегіп отыр», - деді Н. Әуесбаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, Жапонияда ядролық бомбадан зардап шеккендерге ай сайын атом радиациясымен байланысты ауруларды емдеу үшін арнайы медициналық төлем, денсаулықты бақылау төлемі, денсаулықты жақсарту төлемі, медбикені жалдау бойынша күтім төлемі ескерілген. Олардың сомасы 1000 доллардан асады.

«Бұған дейін Үкімет 2017-2019 жылдар аралығында полигон салдарынан зардап шеккен адамдарды және олардың ұрпақтарын медициналық-әлеуметтік қорғау қағидатын іске асыру үшін зерттеу жүргізілгенін, сондай-ақ осы зерттеудің нәтижесі бойынша тиісті ұсыныстар әзірлеп, шешім қабылданатынын хабарлаған. Алайда, бұл зерттеудің нәтижесі ұсыныс деңгейінде қалды. Бұл зерттеуге бюджеттен сәйкес қаражат жұмсалғанын атап өткім келеді. 2021 жылы әзірленген тәсілдерді талқылау және нақты ұсыныстар енгізу үшін мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен Ведомствоаралық жұмыс тобы құрылатыны және азаматтарға атаулы әлеуметтік қолдау көрсетуге көшуді дәйекті іске асыру жөніндегі тәсілдер әзірленетіні хабарланды. Дегенмен, жұмыс нәтижелерін көрмей отырмыз», - деді депутат.

Баяндалғанның негізінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының фракциясы мына ұсыныстарды жасады:

- әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу;

- ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды персоналды есепке алуды қамтамасыз ету;

- ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтардың санаттарын айқындау өлшемшарттарын қайта қарау;

- ведомствоаралық жұмыс тобының нәтижелерін ұсыну;

- радиациядан ластанған аумақтарды оңалту.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов полигоннан зардап шеккен азаматтарға берілетін үстемеақылардың барлық түрлерін екі есеге ұлғайту және жыл сайынғы қосымша еңбек демалысына ақы төлеуге мемлекеттік қолдау көрсетуді ұсынды.