Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Тоқаевтың тапсырмасын орындауда тағы саботаж болды – Ермұрат Бәпи

Бүгін мәжілісте депутат Магеррам Магеррамов шетелден заңсыз шығарылған активтерді қайтару, прокуратура туралы бірнеше заң жобасын мәжілісмендер қарауға алатынын мәлім еткен. Алайда әріптесі Ермұрат Бәпи дәл шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі заң жобасының тақырыбы міндетіне сай емес екенін мәлім етті, деп хабарлайды Paryz.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Тоқаевтың тапсырмасын орындауда тағы саботаж болды – Ермұрат Бәпи
Коллаж: ulysmedia.kz.

Өзгеріс енгізілгелі отырған заң жобасының саны бесеу. Магеррамов «заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша баяндама жасаған.

«Аталған бес заң жобасын «Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы № 3 Жарлығын орындау мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары әзірледі. Негізгі заң жобасы активтерді анықтау және қайтару үшін қажетті заңнамалық негіздер мен жаңа құралдардың болмауына байланысты активтерді қайтарудың тетіктерін айқындауға бағытталған. «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң жобасын әзірлеудің негізгі  мақсаты – заңсыз сатып алынған және шығарылған активтердің сақталуын, басқарылуын, өткізілуін және мемлекетке қайтарылуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдаумен, қамтамасыз ету шараларын қолданумен, шығу тегін растаумен, іздестірумен (ашумен) байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу болып табылады», –  деді ол.

Магеррамов ілеспелі заң жобалар негізгі заң жобасының ережелерін жүзеге асыру мақсатында әзірленгенін, қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзетулерді көздейтінін атап өтті. Атап айтқанда, «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға, Азаматтық, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Салық, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстеріне және басқа да заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар қарастырылады. Жалпы саны 11 кодекс және 13 заңға түзутулер көзделеді.

«Заң жобаларын қабылдаудың мынадай оң әлеуметтік-экономикалық салдары бар: қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, заңсыз сатып алынған және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару арқылы Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру, активтерді ерікті түрде қайтаруды ынталандыру, активтерді заңсыз сатып алуға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою. «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң жобасы және ілеспе заң жобалары қолданысқа енгізілгеннен кейін Бас прокуратураның құрылымында заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жеке ведомство құрылатын болады, ол осы саладағы уәкілетті органның функцияларын орындайтын болады. Бұдан басқа, мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор және басқарушы компания құрылатын болады. Бұл қайтарылған активтерді Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға бағыттауға және осы процесте ашықтық пен тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді», - дед іол.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттарға «сұрақтарыңыз бар ма?» деген кезде Ермұрат Бәпи сөз сөйледі.

«Меніңше, бұл талқылауға ұсынылып отырған заң жобасының қойып отырған тақырыбы ауқымды емес. Мемлекет, ел алдында тұрған активтерді қайтрау жөніндегі проблемаларды қамтитындай көлемде емес деп ойлаймын. Бұл заң көмегімен қазір біздің тергеу, заң органдары шетелге, Еуропа, батыс елдеріне, оффшор компанияларға, халықаралық трансұлттық компанияларға, банктерге шығу керек. Ал заң тақырыбы – заңсыз сатылып алынған активтер. Президент Тоқаевтың 26 қарашада үкіметке берген тапсырмасында «заңсыз шығарылған активтерді мемлекет қайтару» туралы айтылған. Ал бұл жерде заңсыз сатылып алынған активтер деп тұр. Олар заңдастырып алды оның бәрін. Меніңше, талқылау барысында заңның аталу тақырыбын ауқымды қылу керек. Бірден айтайын, Тоқаевтың тапсырмасын орындауда, заң жобасын даярлауда тағы да мүдделі топтардың саботажы болды деп ойлаймын. Егер заңға осындай амалмен келер болсақ, президент саясатын провал жасаймыз», - дейді ол.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутат Ермұрат Бәпиге заң жобасы тек енді қарауға алынғаны, алда бұл мәселе ескерілетінін мәлім етті.