Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Кәрім Мәсімов сот шешіміне апелляциялық шағым түсірді

Мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен сотталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов сотқа аппеляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды Paryz.kz.

Кәрім Мәсімов сот шешіміне апелляциялық шағым түсірді
Фото: Azattyq Ruhy

Елордалық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, іс әлі апелляциялық сотқа түспеген.

«Апелляциялық шағым түсті, бірақ іс апелляциялық сотқа әлі келіп түскен жоқ. Іс «Аса құпия» режимінде қаралғандықтан, басқа мәліметтер жария етілмейді», - деді қалалық сот.

Айта кетсек, Мәсімовпен бірге сотталған оның бұрынғы орынбасарлары да аппеляциялық шағым түсіргені хабарланды.

Еске салайық, биыл 24 сәуірде Кәрім Мәсімов 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде мемлекетке опасыздық жасады, билікті күшпен басып алуға әрекет жасады, билікті асыра пайдаланды деген айыппен 18 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Сондай-ақ мемлекетке опасыздық жасау, билікті күштеп тартып алу және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылған ҰҚК бастығының бұрынғы орынбасары Әнуар Садықұлов 16 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының тағы бір экс-орынбасары Дәулет Ерғожин де билікті күштеп басып алып, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыппен 15 жылға бас бостандығынан айырылды. ҰҚК төрағасының үшінші бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов билігі мен өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпты деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды.

Төртеуі де генерал атағы мен мемлекеттік наградаларынан айырылды.