Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Не сандырақтап тұрсың?!»: экс-министр Мұхамедиұлы прокурорға шүйлікті

Астанада бұрынғы Мәдениет министрі және Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша сот жалғасуда. Бүгінгі отырыста сотталушы эмоциясын ұстай алмай айғайға басты, деп хабарлайды Paryz.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

«Не сандырақтап тұрсың?!»: экс-министр Мұхамедиұлы прокурорға шүйлікті
Коллаж: Ulysmedia.kz

Отырыс куәгер Олжас Мұхамедиден жауап алудан басталды. Ол – ҚР Ұлттық музейінің қалпына келтіру қызметінің бұрынғы басшысы. Оған Үндістандағы "Алтын адамның шеруі" көрмесі туралы сұрақ қойылды. Қылмыстық істің қозғалуына себеп болған да осы көрме еді. Куәгер экспозицияларды тасымалдау және көрменің ашылуы туралы айтты.

Алайда, мемлекеттік айыптаушының сұрақтары күтпеген жерден адвокаттар мен сотталушының теріс реакциясын тудырды – олардың пікірінше, қойылған сауалдардың бұл іске мүлдем қатысы жоқ.

- Айтыңызшы, сіз мұражайда қай уақыттан бастап жұмыс істей бастадыңыз? Сізді қашан жұмысқа қабылдады?

- Енді есімде жоқ.

- Қай жылы?

- 2019 жылы шығар, мүмкін.

- Жаз, күз, қыс? Қашан?

- Менің тағайындауым туралы бұйрық бар. Сонда жазылған.

- Сіз қандай лауазымға орналастыңыз?

- Қалпына келтіру қызметінің басшысы.

- Сізді жұмысқа кім қабылдады? Сұхбатты кім өткізді?

- Абай Сатыбалдин, содан кейін сұхбат болды.

- Сол кезде мұражай директоры кім болды?

- Арыстанбек Мұхамедиұлы.

- Ал бұған дейін Алмаз Нұразхан бұйрыққа қол қойды деп айтылған.

Экс-министрдің адвокаттары судьяға прокурор куәгерлердің айғақтарын "бұрмалап", қайталанған сұрақтар қойып, адамдарды адастырып жатқанын айтты. Ал мемлекеттік айыптаушы өз кезегінде жауап алуға кедергі келтірді деп қорғаушыларға шағымданды.

Осы пікірталастан кейін Мұхамедиұлының өзі де шыдай алмай айғайға басты.

- Егер сізге менің өмірім керек болса – алыңыз! Неліктен жұрттың бәрін адастырасыз? Мазақ етуді доғарыңыз", - деді сотталушы ызаланып.

Мұхамедиұлының қорғаушылары бірден мемлекеттік айыптаушы Закировқа қарсылық білдірді.

- Ол процесті біржақты айыптау бағытында жүргізеді. Куәгер  жұмысқа қабылдау кезінде Сатыбалдинмен әңгімелесуден өткенін, бұйрыққа Нұразхан қол қойғанын айтты. Содан кейін ол  маусымнан шілдеге дейін Мұхамедиұлы директор болғанын айтты. Прокурор осы сәтке қадалды да қалды. Мен оған қарсылық білдіремін.

- Мен әріптесімді қолдаймын, өйткені шынымен де прокурор процесті айыптау бағытына бұра береді. Прокурор іске қатысы жоқ, жұмысқа қалай орналасқаны, кім қабылдағаны туралы сұрақтар қояды. Сіз олардың сөз байласқанын меңзеп, және оның айғақтарына сыни көзқараспен қарау керек демекшісіз бе? Сіз іс материалдарына сай келмейтін сұрақтар қойып жатырсыз. Бұл кәсіби емес.

Арыстанбек Мұхамедиұлы өз кезегінде адвокаттарды қолдап, прокурорды істен шеттетуді сұрады.

- Кеше прокурор әйелді жылатты.  Прокурор әдейі жұртты адастырады және куәгерге қасақана қысым жасайды. Мазақ етуді доғарыңыз! Оны істен шеттету аздық етеді. Жалпы, әділетті Қазақстанды бүлдіретін адамдарды органдардан шығару керек. Айтпақшы, мемлекет басшысы Тоқаевқа 70-ке толады. Ол үнемі бассыздықты тоқтату керек дейді!",- деді айыпталушы ашуға мініп.

Содан кейін жәбірленуші тараптың – Мәдениет министрлігінің өкілі қызу пікірталасқа араласып, қорғаныс тарапынан және Мұхамедиұлының өзінен прокурорға, яғни лауазымды адамға құрметпен қарауды өтінді.

Сотталушы эмоциясын жасырмай, дереу шенеунікке шүйлікті:

- Ей, не сандырақтап тұрсың?!, - деді Мұхамедұлы. 

Еске салайық, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музей директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды.

Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді. Бұдан басқа, А. Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексерілді.

Іс бойынша төрт айыпталушы бар: Арыстанбек Мұхамедиұлы (Ұлтық музей директоры), Ұлттық музейдің экс-директоры Алмас Нұразхан, “Экспонат” ЖШС директорының орынбасары Азамат Көшенов, “Экспонат” ЖШС бас бухгалтері Айым Сәдуақасова.

Бұдан бұрын Арыстанбек Мұхемадиұлыны адвокаты  Мұстақым Төлеев актер Тұңғышбай Жаманқұлов экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлынан кек алу мақсатында оның үстінен арызданғанын мәлімдеген.

“Тұңғышбай Жаманқұлов көпе-көрінеу жалған ақпарат таратып, менің қорғауымдағы Арыстанбек Мұхамедиұлының үстінен прокуратураға арызданып, соның негізінде заңсыз қылмыстық іс қозғалды”, – деді экс-министрдің адвокаты.

Сондай-ақ, сотталушы Көшенов сотқа Тұңғышбай Жаманқұловты куәгер ретінде шақыруды өтінді. Айтуынша, актер ол туралы "жалған ақпарат берген". Сотталушы не үшін екенін сұрап, Жаманқұловқа хат жазғанда актер "сені танымаймын" деп жауап берген-мыс.
 
Алайда прокурор Зәкіров "оны шақырудың қажеті жоқ" деген болатын. Судья ақыры Тұңғышбай Жаманқұловты сотқа шақырудың маңызы жоқтығын айтып, Көшеновтың өтінішін қанағаттандырмады.

Сондай-ақ, судья Мұхамедиұлын үйқамаққа жіберуге де келіскен жоқ.