Бүгін, 12 мамыр күні Қазақстанның барлық мектебінде терроризмге қарсы бағыттағы оқу-жаттығу өтеді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Оқу-ағарт министрлігінің мәліметінше, оған мемлекеттік және жекеменшік мектеп оқушылары, педагогтер мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері қатысады.
Оқу-жаттығу барысында «Білім беру объектілерінде терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық» аясында бекітілген алгоритмдер тәжірибе жүзінде пысықталады.
«Іс-шара барысында мектеп ұжымына терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі алгоритмдер нұсқамасы беріліп, тиісті деңгейде орындалуы қадағаланады. Оқушыларға нұсқау беріліп, қызметкерлер мен білім алушыларды жедел эвакуациялау ұйымдастырылады. Техникалық құралдардың яғни, дабыл түймесі, турникет және бейнекамералардың жұмыс істеуі және дабыл түймелері арқылы шақырылған жағдайда жеке күзет ұйымдарының жедел әрекет етуі тексеріледі», - деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Оқу-жаттығу тек профилактикалық мақсатты көздейді.
Оқу-жаттығуды жүргізудегі түпкі мақсат – техникалық құралдардың тұрақты жұмыс істеуін бақылаудан бөлек, қауіп төнген жағдайда оқушылар, мұғалімдер мен қызметкерлердің дұрыс әрі қауіпсіздікті сақтап, жедел әрекет етуіне бағдарлау.
«Білім беру ұйымдарын терроризмнен қорғау, қауіптің алдын алу үшін мұндай жаттығулар тұрақты жүргізіледі», – дейді ведомство өкілдері.